Қоршаған ортаны қорғау

Басқару тәсілі: негізгі бағыттар мен іс‑шаралар

Бастамалар мен бағдарламаларға қатысу

Дүниежүзілік банктің «2030 жылға қарай ілеспе газды жағу практикасын толық тоқтатуды қолдау» бастамасы

БҰҰ‑ның тұрақты даму саласындағы 17 мақсатының бастамасы

CDP климат бойынша бағдарламасы

Метан деңгейін төмендету жөніндегі ғаламдық бастама

CEPI logo

Caspian Environmental Protection Initiative — CEPI

IOGP logo

Халықаралық мұнай және газ өндірушілер қауымдастығы — IOGP

Экологиялық көрсеткіштер
Көрсеткіш 2023 2024 2025
NОx шығарындылары, КСШ өндірудің 1 мың тоннасына, тонна 0,35 0,39 0,36
SОx шығарындылары, КСШ өндірудің 1 мың тоннасына, тонна 0,23 0,23 0,18
Мұнай құрамындағы ілеспе газды жағу қарқындылығы, КСШ өндірудің 1 мың тоннасына, тонна 1,4 1,45 1,70

Денсаулық сақтау, өнеркәсіптегі қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі менеджмент жүйесі Қазақстан Республикасы заңнамасының, сондай‑ақ ISO 14001 және ISO 45001 салалық және халықаралық стандарттарының талаптарына, үздік әлемдік тәжірибелеріне және Халықаралық мұнай және газ өндірушілер қауымдастығының ұсынымдарына сәйкес әзірленген. Ол көшбасшылық, қойылған мақсаттарды орындау, тәуекелдерді басқару және үздіксіз даму сияқты іргелі қағидаттарға негізделетін басты он компоненттен тұрады.

2006 жылдан бастап ҚМГ‑да ISO 9001, ISO 14001 және ISO 45001 талаптарына сәйкес сапа, қоршаған ортаны қорғау, денсаулықты сақтау және еңбек қауіпсіздігін қамтитын басқарудың интеграцияланған жүйесі енгізілді. Едәуір деңгейде энергия тұтынатын еншілес және тәуелді ұйымдар ISO 50001 стандарты бойынша сертификатталған. Интеграцияланған басқару жүйесінің тиімділігін тәуелсіз аудиторлар үнемі растап отырады.

Менеджмент жүйесін жетілдіру мақсатында ҚМГ денсаулық сақтау және еңбек қауіпсіздігі менеджменті жүйесі бойынша ISO 45001 халықаралық стандартының талаптарына сәйкестігіне сертификатталады.

ҚМГ өз қызметінің сипаты мен ықпал ету ауқымын түсінеді, табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланудың, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етудің, Компания қызметінің барлық бизнес‑бағыттарында еңбек ететін персоналдың және жұмысын жүргізетін өңірлердегі халықтың денсаулығын қорғаудың, сондай‑ақ қолайлы қоршаған ортаны сақтаудың маңызын алға тартады.

Компания өз қызметінің экологиялық қауіпсіздігін арттыруда едәуір жұмыс атқарды. Бұл тиімді ішкі стандарттарды енгізумен, менеджмент жүйесін үнемі жетілдірумен байланысты болды. Компания өз алдына теріс экологиялық әсер етуді болдырмауға бағытталған «нөлдік нәтиже» мақсатын қойды.

2025 жылдың басты көрсеткіштері
0,18 (IOGP — 0,59)
SOX шығарындыларының қарқындылығы
338,8 мың тонна (2025 жылы — 1 099 мың тонна)
Тарихи қалдықтар мен мұнаймен ластанған жерлерді қалпына келтіру
0,36 (IOGP — 0,34)
NOX шығарындыларының қарқындылығы
«С»
CDP су қауіпсіздігі рейтингі
Экологиялық көрсеткіштер, КСШ өндірудің 1 мың тонна м.э. шаққанда, тонна
Жыл SOX шығарындыларының қарқындылығы NOX шығарындыларының қарқындылығы Шикі газды жағу қарқындылығы Шикі газды утилизациялау деңгейі, %
2023 0,23 0,35 1,4 98,9
2024 0,23 0,39 1,45 98,9
2025 0,18 0,36 1,70 98,8

Қаупісіздік, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін басқару жөніндегі мақсаттар ҚМГ компаниялары тобының Даму стратегиясымен тікелей байланысты. ҚМГ‑ның 2031 жылға дейінгі Даму стратегиясы экологиялық жауапкершілікті арттыру жөніндегі стратегиялық бастамаларды көздейді. ҚМГ компаниялары тобы үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы басым бағыттар атмосфералық ауаға бөлінетін шығарындыларды басқаруды және газды факелде жағуды қысқартуды, сондай‑ақ су ресурстарын, өндіріс қалдықтарын тиімді басқаруды және жерді қалпына келтіруді қамтиды.

Компания экологиялық жауапты бизнес жолымен жүруді жалғастыра келе, қоршаған ортаны қорғауды басқару жүйесін дамытады, бұл мәселе бойынша барлық мүдделі тараптармен диалог жүргізеді, осылайша компанияның Экология саясатында көрсетілген өз міндеттемелерін орындайды.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы

Мемлекет басшысының бастамасы бойынша 2024 жылдан бері бүкіл республика бойынша «Таза Қазақстан» атты ауқымды экологиялық акция өткізіліп келеді. ҚМГ компаниялар тобы бұл акцияға белсенді қатысады. 2025 жылғы наурыз айында ҚМГ‑да 2025 жылға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын іске асыру жөніндегі іс‑шаралар жоспары бекітілді.

Жоспардың басты бағыттары:

  • экологиялық бастамаларды енгізу,
  • қызметкерлердің экологиялық мәдениетін қалыптастыру,
  • экологиялық акцияларды насихаттау,
  • экологиялық қауымдастықты құру,
  • көгалдандыру көлемін ұлғайту.

Жоспардың негізгі тармақтарының бірі – «Елді мекендерді тазарту жөніндегі іс‑шаралар». Осыған байланысты ҚМГ компаниялары тобы үшін сенбіліктер кестесі бекітілді.

2025 жылы 9 287 адам қатысқан 282 сенбілік өткізілді, онда 5,9 мыңнан астам қап қоқыс жиналды.

Көгалдандыру жобалары

ҚМГ ағаш отырғызу бойынша ауқымды экологиялық акцияға белсенді қолдап, елімізді көгалдандыру ісіне өз үлесін қосып келеді.

ҚМГ компаниялары тобының 2025 жылға арналған көгалдандыру жоспарына сәйкес 109 мың ағаш отырғызу көзделген болатын, нақты 113,7 мыңға жуық ағаш отырғызылды.

Сонымен қатар есепті жылдың қазан айында ҚМГ қаржылай қолдауымен Қостанай облысында 150 мың қарағай көшеті отырғызылды. Астана қаласында ҚМГ паркінің техникалық ашылуы өтіп, оның барысында 1 320 түп ағаш егілді.

Жалпы, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ҚМГ компаниялар тобы отырғызған ағаштың жалпы көлемі шамамен 264 мың бірлікті құрады.

Фандоматтарды пайдалану

ҚМГ‑ның корпоративтік орталығында пластик бөтелкелер мен алюминий банкаларды фандоматқа қабылдау бастамасы іске асырылады. Фандоматты көп пайдаланатын адамдардың арасында байқау өткізіліп тұрады. Конкурстың мақсаты – бөтелкелерді өңдеуге жіберу үшін оны қабылдау автоматты, яғни фандоматтарды пайдалануды кеңінен насихаттау. Сонымен бірге қалдықтарды бөлек жинауға ынталандырып қана қоймай, қызметкерлер арасында экологиялық жауапкершілікті тәрбиелеу де маңызды міндет болды. 2023‑2025 жылдар аралығында тапсырылған ыдыс саны:

  • алюминий банкалардың жалпы саны — 15,1 мың дана;
  • пластик бөтелкелердің жалпы саны — 61,7 мың дана;
  • Барлығы — 76,8 мың бірлік.

Жыл бойы ғимаратта фандомат орнатылғаны жөнінде ақпарат жіберіліп тұрды. Фандоматтың белсенді пайдаланушылары жүлделермен марапатталды.

Жасыл кеңсе

Компания барлық ресурсты үнемді пайдалануға және экологиялық тазалықты қамтамасыз етуге бағытталған «Жасыл кеңсе» қағидаттарын ұстанады. ҚМГ‑ның корпоративтік орталық ғимаратында қалдықтарды бөлек жинауға арналған экожәшіктер орнатылған, қоймада люминесцентті лампаларды қабылдау мен арналған шкаф қойылды, электрондық құжат айналымы енгізілді, велосипед қоятын және электр автомобильдеріне арналған қуаттау станциялары үшін арнайы орындар белгіленді.

Қызметкерлердің экология және тұрақты даму мәселелері бойынша хабардар болуын арттыруға бағытталған ақпаратты іште тарату жұмыстары жүргізілді. Корпоративтік ортада экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Жасыл кеңсе» тұжырымдамасының негізгі қағидаттарын түсіндіретін ақпараттық материалдар мен плакаттар таратылды.

Экологиялық заңнама

Компания қоршаған ортаны, су ресурстарын қорғау саласындағы уәкілетті органдар жанындағы жұмыс топтарының қызметіне, Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар дайындауға белсенді қатысады. ЭТРМ‑мен келесі мәселелер бойынша бақылау жүргізіп, келіссөздерге қатысады:

  1. пластмассамен, оның ішінде теңізде ластануына қарсы күрес туралы халықаралық шарттың жобасы;
  2. I санаттағы нысанды пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемелердің орындалуын қаржылық қамтамасыз етудің мөлшерін айқындау және оларды қайта бейіндеу және (немесе) басқа мақсатта пайдалану жөніндегі жоспарды әзірлеу жөніндегі қаржылық қамтамасыз етуді есептеу әдістемесі;
  3. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі (ӘҚБтК) аясында экологиялық талаптарды бұзғаны үшін қолданылатын санкцияларды қатаңдату және басқалар;
  4. ҚР экологиялық заңнамасына өзгерістер енгізу.
Кешенді экологиялық рұқсат

Кешенді экологиялық рұқсат (КЭР) – бұл үздік қолжетімді әдістерді қолдана отырып, қоршаған ортаның ластануының кешенді алдын алуды қамтамасыз етуге, қоршаған ортаға теріс антропогендік әсерді барынша азайтуға және бақылауға бағытталған құжат. 2025 жылы ҚМГ компаниялар тобы мұнай өңдеу зауыттары КЭР алу үшін жобалық материалдарды әзірлеу процесін сүйемелдеу бойынша белсенді жұмыс жүргізді. 2025 жылғы сәуірде ПҚОП КЭР алды. Қалған мұнай өңдеу зауыттары мен ҚОА КЭР алу бойынша жұмысты жалғастыруда.

Автоматтандырылған мониторинг жүйесі

2022 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңде ЕТҰ‑да, атап айтқанда ММГ, ҚОА, АМӨЗ, ПМХЗ, ПҚОП, KPI кәсіпорындарында жалпы ластаушы заттар шығарындыларының 15 көзінде автоматтандырылған мониторинг жүйесін кезең‑кезеңімен енгізу жобасы іске асырылды. KPI‑ді қоспағанда (іске қосу‑жөндеу жұмыстары жүргізілуде), барлық ЕТҰ қоршаған ортаның жай‑күйі туралы мәліметтерді Ұлттық деректер банкіне онлайн‑режимде жіберіп тұрады.

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы басым жобалар

Бұрыннан жиналған ластануларды жою

Бұрыннан жиналған ластануларды, сондай‑ақ қоршаған ортаға теріс әсер ету көздерін жою (жұмыс істемейтін ұңғымалар, сарқынды су жинағыштар, полигондар және өзге де өндірістік нысандар).

Қоршаған ортаға бөлінетін шығарындыларды азайту

Технологиялық шешімдерді жетілдіру жолымен қоршаған ортаға бөлінетін шығарындыларды азайту, мысалы, технологиялық пештерде отын ретінде пайдаланылатын отын мазутын отын газына (табиғи) ауыстыру, жаңа буын қоспаларын пайдалану, өндірістік нысандардың аумағын көгалдандыру және абаттандыру, жабдықтарды жаңарту жөніндегі іс‑шаралар, оттықтарды ауыстыру, жабдықты пайдалану режимін оңтайландыру және жұмыс істеу уақытын қысқарту, жанатын газдарды зиянды заттардан тазалау, газ өңдеу жөніндегі өндірістік қуаттарды кеңейту, тиісті қондырғыларды салу, сондай‑ақ газдың ағып кетуін анықтау мен жөндеу жұмыстарын жедел жүргізу мақсатында тұрақты мониторинг жүргізу, кәдімгі үлгідегі резервуарларда өнімнің үстінде түзілетін бос кеңістікті жою есебінен ұшпа фракциялардың пайда болу мүмкіндігін азайту үшін резервуарларды қалқымалы қақпақтармен жабдықтау.

Автоматтандырылған экологиялық мониторингтің ақпараттық жүйесі

Жүйе қоршаған ортаны қорғау саласында бірыңғай ақпараттық кеңістік құруға арналған және келесі маңызды міндеттерді қамтиды: мемлекеттік органдарға қоршаған ортаны қорғау саласындағы есептілікті жасау процестерін автоматтандыру; нормативтік рұқсат беру құжаттарының дерекқорын жүргізу және қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемдерді есептеу; өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері бойынша қоршаған ортаның жай‑күйіне жедел мониторинг жүргізу.

Атмосфералық ауаны қорғау

ҚМГ атмосфералық ауаны қорғау мәселелеріне басымдық береді, өйткені ластану деңгейі халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаның жай‑күйіне тікелей әсер етеді. Экология саясатын іске асыру аясында компания жабдықтарды жаңғырту, заманауи технологиялық шешімдер мен автоматтандырылған мониторинг жүйелерін енгізу, сондай‑ақ газды факелде жағуды қысқарту жөніндегі іс‑шараларды жүзеге асыру есебінен ластаушы заттардың шығарындыларын жүйелі түрде азайтып келеді.

Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы қызметтің негізгі бағыттары – нысандарды техникалық жаңғырту есебінен шығарындыларды азайту, жабдықтарды пайдалану режимдерін оңтайландыру, отынды неғұрлым экологиялық түрлеріне ауыстыру, сондай‑ақ өндірістік экологиялық бақылау жүйелерін дамыту. Сонымен қатар ҚМГ энергия тиімділігін арттыру және технологиялық ысыраптарды азайтуға бағытталған жобаларды іске асырады, бұл атмосфераға теріс әсерді төмендетуге ықпал етеді.

Стационарлық және жылжымалы шығарындылар көздерін бақылауды қоса алғанда, ластаушы заттар шығарындыларының мониторингі тұрақты түрде жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының және халықаралық практиканың талаптарына сәйкес компанияның бірқатар нысанында экологиялық бақылаудың ашықтығы мен жеделдігін қамтамасыз ететін шығарындылар мониторингінің автоматтандырылған жүйелері енгізілді. Іс‑шаралар мен көрсеткіштер туралы толық ақпарат ҚМГ‑ның Тұрақты дамуы туралы есебінде ұсынылған.

Атмосфераға бөлінетін ластаушы заттардың шығарындысы

Атмосфераға бөлінетін ластаушы заттар шығарындысының көлемі, мың тонна
Көрсеткіш 2023 2024 2025
Азот оксиді (NOX) 15,27 15,22 14,84
Күкірт диоксиді (SOX) 10,99 11,69 20,11
Көміртек оксиді (CO) 22,96 21,50 17,24
Қатты бөлшектер (PM) 1,31 1,97 1,75
Өзгелері 68,93 66,38 58,57
ҚМГ компаниялары тобындағы ластаушы заттардың үлестік шығарындылары
Көрсеткіш 2023 2024 2025
КСШ өндіру, өндірілген шикізаттың 1 мың тоннасына тонна 2,2 2,2 2,1
Мұнай өңдеу, өңделген мұнайдың 1 мың тоннасына тонна 3,0 2,9 2,5
Мұнай тасымалдау, тасымалданатын мұнайдың 1 мың тоннасына тонна 0,4 0,4 0,4
Мониторингтеу және автоматтандырылған бақылау жүйесі

Экологиялық бақылаудың ашықтығы мен тиімділігін арттыру мақсатында ҚМГ негізгі өндірістік нысандарында шығарындыларды мониторингтеудің автоматтандырылған жүйелерін енгізуде. Мұндай жүйелер шығарындылардың өлшемшарттарын нақты уақыт режимінде бақылауға және деректердің мемлекеттік бақылаушы органдарға ұсынылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Экологиялық мониторинг саласында цифрлық шешімдерді пайдалану – ҚМГ‑ның атмосфералық ауаны қорғау және қоршаған ортаға әсерді төмендету үшін қолға алынған кешенді тәсілдің бір бөлігі.

Шикі газды ұтымды пайдалану

Газды факелде жағуды қысқарту – ҚМГ компаниялары тобы үшін басым міндеттердің бірі. Бекітілген Экология саясатына сәйкес Компания газды ұтымды пайдалану мәселелеріне көбірек көңіл бөле отырып, газды факел арқылы тұрақты жағу көрсеткішін нөлдік деңгейге жеткізуге тырысады. Осылайша, соңғы тоғыз жылда шикі газды факелде жағу көлемі 86 % қысқарды (2017 жылғы көлем – 315,8 млн м3). 2025 жылдың қорытындысы бойынша шикі газды пайдалы қолдану 98,8 % жетті. Газды факелде жағу көлемінің төмендеуіне ЕМГ‑де күкіртті сутектен аса тиімді тазартатын газды кешенді өңдеу қондырғысының іске қосылуы әсер етті. Сонымен қатар ҚОА компаниясының Қожасай кен орнында жылына 226 млн м3 тауарлық газды өңдей алатын заманауи газ өңдеу кешені пайдалануға берілді.

2025 жылы шикі газды утилизациялау 98,8 %‑ға жетті. Шикі газды факелде жағу көрсеткіші өндірілген көмірсутек шикізатының 1 мың тоннасына шаққанда 1,70 тонна деңгейінде (2024 жылы – 1,45, 2023 жылы – 1,4), бұл 2024 жылғы көрсеткіштен жоғары және салалық орташа IOGP көрсеткішінен 83 % төмен (IOGP көрсеткіші 10,0 құрады).

Шикі газды факелде жағу көлемі
Көрсеткіш 2023 2024 2025
Жалпы шикі газды факелде жағу көлемі, млн м3 33,3 35,2 43,9
Шикі газды тиімді пайдалану деңгейі, % 98,9 98,9 98,8
Шикі газды жағу қарқындылығы, өндірілген КСШ 1 мың тоннасына тонна 1,4 1,45 1,70

ҚМГ Дүниежүзілік банктің «2030 жылға қарай ілеспе мұнай газын тұрақты жағуды толық утилизациялау» бастамасын қолдайды. Бұл бастама аясында шикі газды жағу көлемі жөніндегі есептілік жыл сайын Дүниежүзілік банктің Қазақстан Республикасындағы өкілдігіне тапсырылады.

Атмосфераға бөлінетін шығарындыларды қысқарту бағытындағы бастамалар

Бірқатар еншілес және тәуелді ұйымдарда ластаушы заттар шығарындыларын азайту жөніндегі іс‑шаралар іске асырылуда. Атап айтқанда, АМӨЗ‑де резервуар паркі ішкі қалқымалы қақпақтармен кезең‑кезеңімен жабдықталды (60 понтон, тиімділігі – көмірсутектердің булану шығынын азайту, ұшпа органикалық қосылыстар 80–90 % дейін төмендеді); ЭЛТҚ‑АТ‑2 қондырғыларында (2024 ж) жанарғы жабдықтары жаңғыртылды (36 жанарғы ауыстырылды); ЭЛТҚ‑АВТ‑3 қондырғысында отын тұтынуды 30 % дейін қысқарта алатын қосымша жылу алмасу контурлары енгізілді, РЕКС мұнай тұзағының демонтажы жасалып, «TAZALYQ» жобасы аясында механикалық тазарту құрылыстарының ашық алқаптары жабылды, бұл ұйымдастырылмаған шығарындыларды азайтуға және иіс көздерін жоюға мүмкіндік берді.

Автоматтандырылған мониторинг жүйесі ҚОА, ММГ, АМӨЗ, ПМХЗ және ПҚОП‑та орнатылған, қоршаған ортаға эмиссиялар көрсеткіштері бойынша деректер нақты уақыт режимінде беріліп отырады, KPI‑де іске қосу‑баптау және құрылыс‑монтаждау жұмыстары аяқталуда. Экологиялық бақылау құралдары пештер мен қазандықтардан шығатын түтін газдарындағы күйе, азот оксиді және көміртегі оксиді шығарындыларын бақылауға мүмкіндік береді. Автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу шығарындылар көрсеткіштерін қадағалап қана қоймай, қажет болған жағдайда технологиялық көрсеткіштерді жақсарту үшін қондырғылардың жұмыс режимін оңтайландыруға көмектеседі.

Қалдықтарды басқару

ҚМГ‑ның өндірістік қызметі барысында өндіріс және тұтыну қалдықтары түзіледі. ҚМГ компаниялары тобында қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған шаралар кешені әзірленуде және іске асырылуда, түзілген және жинақталған қалдықтардың, оның ішінде мердігер компаниялардың қалдықтарының есебі жүргізіледі, қалдықтарды қалпына келтіргенге дейін немесе жойғанға дейін олардың қауіпсіз жинақталуын жүргізеді. 2025 жылы ҚМГ‑ның тарихи жинақталған қалдықтарды қалпына келтіруге 9,7 млрд теңге жұмсалды.

Қалдықтарды қалпына келтіру әдістерін таңдау кезінде басымдық заманауи технологияларға, оның ішінде қоршаған ортаны қайта ластамайтын процестерге берілетінін атап өткен маңызды.

ҚМГ компаниялары тобында 399 мың тоннаға жуық бұрыннан жиналған қалдық утилизацияланып, олардың орны қалпына келтірілді.

2024 жылы ҚМГ компаниялар тобында қалдықтарды басқару жөніндегі корпоративтік стандарт бекітілді. Стандартта Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының талаптарын сақталуды қамтамасыз ету мақсатында қалдықтарды басқару жөніндегі жұмыстарды жүргізу кезінде ЕТҰ жауапты тұлғаларының әр қадамы нақты көрсетілген. 2025 жылы аталмыш Стандарттың ережелері ЕТҰ‑дағы өндіріс нысандарындағы қалдықтарды басқару мәселелеріне қатысты жұмыста басшылыққа алу үшін енгізілді.

Активтерді шығару бойынша міндеттемелер

Мұнай‑газ активтері

ҚМГ‑ның заңнамаға және нормативтік құқықтық актілерге сәйкес белгілі бір келісімшарттардың талаптары бойынша әрбір кен орнындағы негізгі құралдарды демонтаждау, жою және жер учаскелерін қалпына келтіру бойынша заңды міндеттемелері бар. Атап айтқанда, ҚМГ міндеттемелеріне барлық өнім бермейтін ұңғымаларды біртіндеп жабу және құбырларды, ғимараттарды демонтаждау мен келісімшарттық аумақты қалпына келтіру, сондай‑ақ пайдаланудан шығару сияқты қызметті түпкілікті тоқтату әрекеттері және өндіріс учаскесіндегі қоршаған ортаны ластау жөніндегі міндеттемелер жатады.

Компания активтерді шығару бойынша міндеттемелерді әрбір келісімшарт бойынша жеке‑жеке есептейді. Міндеттеме сомасы — инфляцияның болжамды деңгейіне түзетілген және өтпелі экономикасы бар елдердің мемлекеттік борышы бойынша Қазақстан нарығына тән тәуекелдерге түзетілген орташа ұзақ мерзімді тәуекелсіз пайыздық мөлшерлемелерді пайдалана отырып, дисконтталған міндеттемелерді өтеу үшін талап етілетін бағаланған шығындардың ағымдағы құны.

2025 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша Компанияның мұнай‑газ активтерін тарату жөніндегі міндеттемелерге арналған резервтің баланс құны 142,3 млрд теңгені (2024 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша – 142 млрд теңге) құрады (толығырақ Шоғырландырылған қаржылық есебінің 4‑ескертпесінде).

Магистралды мұнай құбырлары және газ құбырлары

2012 жылдың 4 шілдесінде күшіне енген Қазақстан Республикасының «Магистральдық құбыр туралы» Заңына сәйкес «ҚазТрансОйл» АҚ‑ның (ҚТО) магистралды құбырды пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін жою және кейіннен қоршаған ортаны қалпына келтіру, оның ішінде жерді рекультивациялау жұмыстарын жүргізу бойынша заңды міндеттемесі бар. Құбырларды жою және жерді рекультивациялау жөніндегі міндеттемеге арналған резерв ҚМГ‑ның демонтаждау және рекультивациялау жұмыстарының құнына жүргізген есебінің негізінде бағаланады. 2025 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша ҚМГ‑ның құбырларды жою және тиісті жерлерді рекультивациялау жөніндегі міндеттеме бойынша резервінің баланс құны 24,1 млрд теңгені (2024 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша — 37,4 млрд теңге) құрады (толығырақ Шоғырландырылған қаржылық есебінің 4‑ескертпесінде).

Экологиялық оңалту

ҚМГ сондай‑ақ экологиялық тазарту жұмыстары мен оңалтуға арналған міндеттемелер бойынша резервтерді қалыптастыру бойынша бағалау жүргізеді және өз пайымын шығарады. Қоршаған ортаны қорғауға жұмсалатын шығын капиталдандырылады немесе болашақ экономикалық пайдаға қарай шығыстарға жатқызылады.

Компанияның экологиялық оңалтуға арналған резерві ҚМГ компаниялар тобының қолданыстағы қазақстандық және еуропалық нормативтік базалардың талаптарын орындауы үшін қажет шығындардың тәуелсіз бағасына негізделген басшылықтың тиімді бағасын білдіреді. 2025 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша активтерді иеліктен шығарумен және жерлерді рекультивациялаумен байланысты міндеттемелер бойынша резервтегі баланс құны 33,6 млрд теңгені (2024 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша – 41,8 млрд теңге) құрады (толығырақ Шоғырландырылған қаржылық есебінің 4‑ескертпесінде).

Су ресурстарын қорғау

Су – ҚМГ‑ның барлық өндірістік процестерінің ажырамас бөлігі. ҚМГ БҰҰ‑ның жаһандық шартының қағидаттарын ұстанады және өз қызметіне тұрақты даму мақсаттарын интеграциялайды. Компания барлық 17 ТДМ‑ды ұстанады, солардың бірі – № 6 мақсат «Таза су және санитарлық тазалық». Компания өз қызметінде су тұтыну көлемін қысқартуға, су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыруға, суды қайталап және айналым суын пайдалануды ұлғайтуға, ағын сулардың сапасын арттыруға және табиғи су нысандарына әсерін барынша азайтуға ұмтылады.

ҚМГ – көмірсутектерді өндірумен, тасымалдаумен және өңдеумен айналысатын вертикалды интеграцияланған компания болғандықтан, барлық процестер судың едәуір мөлшерін талап етеді. ҚМГ суды жерүсті, жерасты көздерінен, муниципалдық сумен жабдықтау жүйелерінен және Каспий теңізінен алады. ҚМГ кәсіпорындарының сарқынды суларының негізгі қабылдағышы (және соңғы пункті) келесідей түрлі мамандандырылған қабылдағыштар: жинағыш тоғандар, булану алаңдары және суды сүзу алаңдары. Бұл нысандар – сарқынды суларды табиғи тазартуға және қоршаған ортаның ластануына жол бермеуге арналған техникалық құрылыстар. Өздерінің жинақтағыштары жоқ кәсіпорындар суды тазарту мен утилизациялау үшін су ағындарын мамандандырылған компанияларға жібереді. Экологиялық заңнамада белгіленген ағызылатын су сапасының нормативтеріне сарқынды суларды тазартудың механикалық және биологиялық әдістерін пайдалану арқылы қол жеткізіледі. Алайда жерүсті табиғи су қоймаларына ағынды сулар жіберілмейді.

Компанияның алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – тазартылған ағынды суларды технологиялық процеске қайтару, жасыл желектерді суару үшін пайдалану, салынып жатқан алаңдар мен жолдардағы шаңды басу үшін қайта пайдалану көлемін арттыру.

ҚМГ WRIWorld Resources Institute — Әлемдік ресурстар институты. Aqueduct су стресінің көрсеткішіне сәйкес Каспий теңізінің, Сырдария және Орал өзендерінің бассейндеріне жататын су тапшылығы жоғары өңірлерде орналасқан компанияның өндірістік нысандарын талдап, есепке алуды жүргізеді.

«Кендірлі» теңіз суын тұщыту зауыты

2025 жылы Компания Жаңаөзен қаласынан шамамен 100 км қашықтықта орналасқан «Кендірлі» теңіз суын тұщыту зауытының құрылысын аяқтады. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылды және Компанияның Маңғыстау облысындағы ірі әлеуметтік инфрақұрылымдық жобаларының бірі болды. Кәсіпорынның жобалық қуаты тәулігіне 50 мың м3 ауызсуды құрайды, бұл Жаңаөзеннің және оған іргелес жатқан елді мекендердің халқын тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жобаны «Өзенмұнайгаз» АҚ еншілес ұйымы «Ak Su KMG» ЖШС жүзеге асырды. 2025 жылдың мамыр айында нысанда құрылыс жұмыстары аяқталып, шілдеде технологиялық жабдықтардың толық циклін іске қосумен қатар баптау‑реттеу іс‑шаралары басталды. Өндіріс процесінде теңіз суын тазарту мен тұщыландырудың заманауи көп сатылы жүйесі қолданылады, бұл оның сапасын ауыз су стандарттарына дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

«Кендірлі» зауытының іске қосылуы өңір үшін стратегиялық маңызы зор, өйткені Астрахань‑Маңғыстау магистралды су құбырына жүктеме азайып, сумен жабдықтаудың сенімділігі артады және Маңғыстау облысының әлеуметтік‑экономикалық дамуына оң ықпал етеді.

Бірінші кезеңде кәсіпорын Жаңаөзен қаласының қолданыстағы сумен жабдықтау көздерін толықтыра отырып, су тапшылығын қамтамасыз ету режимінде жұмыс істейтін болады.

Жоба компанияның аймақтағы ең ірі әлеуметтік бастамасына айналды. Бұл ретте, 91 тұрақты жұмыс орны ашылды, құрылыс жұмыстарына 650‑ге дейін адам жұмылдырылды.