Есеп туралы

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы («ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, ҚМГ, Компания, ҚМГ компаниялар тобы) 2025 жылға арналған Жылдық есебін ұсынады.

Есепті «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Директорлар кеңесі 2026 жылғы 28 сәуірде бекітті.

Редакцияның үндеуі және Есептің негізгі тақырыбы

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, бизнестің тиімділігін арттыруға және барлық стейкхолдер үшін ұзақ мерзімді құндылықты қалыптастыруға бағытталған даму стратегиясын (бұдан әрі — Стратегия) жүйелі түрде іске асырып келеді. Компанияның жұмысы қаржы тәртібінің, технологиялық дамудың және қоғам мен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау қағидаттарына негізделген.

ҚМГ-ның 2025 жылға арналған Жылдық есебінде ресурстар базасын кеңейту, мұнай-газ химиясын дамыту, қаржылық орнықтылық және әлеуметтік жауапкершілік сияқты Стратегияның негізгі бағыттары компанияның одан әрі өсу әлеуетін қалай қалыптастыратыны жөнінде жазылған. Сонымен қатар Есеп ҚМГ-ның тұрақты даму тұрғысында атқарып жатқан жұмысын көрсетеді. Ол — компанияның бизнес үлгісі мен корпоративтік басқарудың ажырамас бөлігі.

ҚМГ-ның 2025 жылға арналған Жылдық есебінің визуалды тұжырымдамасы көк-ақ түстер гаммасы басым болып, минимализм және заманауи дизайнмен жасалған. Ол өз кезегінде компанияның тұрақты даму мен технологиялық трансформацияға ден қойғанын көрсетеді. Беттерді безендіруде 3D-иллюстрация түрінде ұсынылған нақты өндіріс нысандары мен инвестициялық жобалардың суреттері, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы өңделген фотосуреттер пайдаланылды.

Есеп акционерлермен, инвесторлармен, серіктестермен, қызметкерлермен және барлық мүдделі тараппен тиімді диалог жүргізудің құралына айналады деп сенеміз.

Есептің шекарасы

Бұл есеп «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның және ҚМГ компаниялар тобын шоғырландыру периметріне кіретін еншілес ұйымдардың, сондай-ақ бірлескен кәсіпорындар мен қауымдастырылған компаниялардың халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына (ХҚЕС) сәйкес есепті кезеңде атқарған жұмысын қамтиды.

Ақпарат ҚМГ компаниялар тобы кәсіпорындары орналасқан өңірлердің географиясы шегінде, сондай-ақ негізгі қаржылық, өндірістік және қаржылық емес көрсеткіштерді айқындайды. Өндірістік көрсеткіштер, егер басқасы көрсетілмесе, бірлескен және қауымдастырылған компаниялардағы ҚМГ-ның иелік ету үлесіне және толық шоғырландырылатын еншілес ұйымдардың 100 % көрсеткіштеріне сәйкес берілген.

Есепте ұсынылған көрсеткіштер мен есептеулер оңай қабылдану үшін дөңгелектеп берілген. Сонымен қатар динамиканы талдау және кезеңдерді өзара салыстыру мақсатында мәндер жуықталмай нақты қолданылды. Компанияның пікірінше, жекелеген көрсеткіштерді дөңгелектеу мен жиынтықтауға қатысты ықтимал сәйкессіздіктер операциялық және қаржылық нәтижелерді түсіндіруде айтарлықтай әсер етпейді.

2025 жылғы 31 желтоқсанда аяқталған қаржы жылы, сондай-ақ 2024 мен 2023 жылдары 31 желтоқсанда аяқталған қаржы жылдары үшін беріліп отырған қаржылық ақпарат компанияның шоғырландырылған қаржылық есептілігі негізінде құрастырылған.

Есептеулерді жүргізу кезінде қаржы көрсеткіштері миллион теңгемен берілді. Есептің жекелеген бөлімдеріндегі көрсеткіштер миллиард теңгемен ұсынылған, сондай-ақ ақпараттық мақсатта АҚШ долларына ауыстырылды. Өлшем бірліктері мен валюталарды дөңгелектеу және ауыстырудың нәтижесінде соңғы мәндер құрамдас көрсеткіштердің арифметикалық қосындысынан сәл өзгеше болуы мүмкін, бірақ бұл олардың сараптама тұрғысынан салыстырмалы болуына әсер етпейді.

Есеп соларға сәйкес дайындалған стандарттар мен талаптар

Жылдық есеп және оған қоса берілетін шоғырландырылған қаржылық есептілік ХҚЕС-ке, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Корпоративтік басқару кодексіне, «Қазақстан қор биржасы» акционерлік қоғамының бағалы қағаздарды айналысқа жіберетін бастамашылардың ақпаратты ашып көрсету қағидаларына, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығы (AIFC Market Rules) нарығының қағидаларына сәйкес дайындалды.

Компанияның есептілігін жыл сайын жария ету жүйесі

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның есептілігін жыл сайын жария ету жүйесі ХҚЕС-ке, Қазақстан Республикасының заңнамасына және үздік халықаралық практикаларға сәйкес ҚМГ компаниялары тобының қызметі туралы ақпаратты, соның ішінде қаржылық, операциялық және қаржылық емес аспектілерді кешенді әрі ашық көрсетуді қамтамасыз етеді.