Акционерлердің жалпы жиналысы
Акционерлердің жалпы жиналысы – компанияның басқару құрылымының жоғары органы. Акционерлердің жалпы жиналысының құзыреті, оны шақыру, өткізу және қорытындылау тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында және компанияның Жарғысында айқындалады. Акционерлердің жалпы жиналыстары жылдық және кезектен тыс болып бөлінеді. ҚМГ акционерлерінің жылдық жалпы жиналысын ҚМГ Директорлар кеңесі шақырады немесе акционерлердің жылдық жалпы жиналысын шақыру бойынша бекітілген тәртіпті компанияның органдары бұзған жағдайда кез келген мүдделі тараптың арызы бойынша сот шешімінің негізінде шақырылып, өткізілуі мүмкін. ҚМГ акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысы ҚМГ Директорлар кеңесінің немесе ҚМГ акционерлерінің кез келгенінің бастамасы бойынша, сондай‑ақ компанияның органдары акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын өткізу туралы ҚМГ‑ның ірі акционерінің арызы бойынша сот шешімі негізінде шақырылуы мүмкін.
Акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібін Директорлар кеңесі жасақтайды және талқылауға шығарылатын нақты тұжырымдалған мәселелердің толық тізбесін қамтуға тиіс.
2025 жылы төрт ҚМГ акционерлерінің жалпы жиналысы өтті, оның ішінде бір жылдық және үш кезектен тыс жиналыс.
ҚМГ акционерлерінің жылдық жалпы жиналысында төрт мәселе қаралды. Олардың бірі — ҚМГ Директорлар кеңесі туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе болды. Бұл өзгерістер құжатты Корпоративтік басқару кодексінің талаптарына сәйкестендіруге, сондай‑ақ ҚМГ Директорлар кеңесінің бірқатар өкілеттілігін, оның ішінде аға тәуелсіз директордың функцияларын нақтылауға және Директорлар кеңесінің ірі акционерлермен, атап айтқанда «Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі» РММ‑мен өзара іс‑қимыл рәсімдерін айқындауға бағытталды. Сонымен қатар ҚМГ акционерлерінің жылдық жалпы жиналысы аясында 2024 жылғы жылдық қаржылық есептілікті бекіту, 2024 жылғы ҚМГ таза кірісін бөлу тәртібі және ҚМГ‑ның бір жай акциясына шаққандағы дивидендтер мөлшері, акционерлердің ҚМГ және оның лауазымды адамдарының 2024 жылғы әрекеттеріне өтініштері мәселелері қаралды.
ҚМГ акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналыстарында алты мәселе қаралды, олардың ішінде:
- ҚМГ‑ға қатысты мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша (2025 жылғы 17 сәуірдегі (№ 6‑2‑Н‑кбп) Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының нұсқамасын орындауға және терминологияны және Компания жарғысының кейбір ережелерін нақтылау мақсатында редакциялық түзетулер енгізуге бағытталған ҚМГ Жарғысына өзгерістер енгізу;
- Кодексті жаңа редакцияда бекіту және оны «Самұрық‑Қазына» АҚ‑ның жаңартылған Корпоративтік басқару кодексінің талаптарына сәйкестендіру;
- ҚМГ акционерлерінің жалпы жиналысында дауыс беру кезінде акционерлердің сырттай дауыстарын жинау және есептеу тәртібін, сондай‑ақ оны өткізу рәсімдерін айқындау мақсатында қолданыстағы ҚМГ акционерлерінің жалпы жиналысы туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу. Сонымен қатар құжатты «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 13 мамырдағы №415‑II Заңының және Компания Жарғысының талаптарына сәйкестендіру үшін ҚМГ акционерлерінің жалпы жиналысы туралы ережені жаңа редакцияда бекіту;
- ҚМГ Директорлар кеңесінің құрамын өзгерту. Осыған байланысты 2025 жылғы 27 наурыздан бастап Компанияның Директорлар кеңесінің төрағасы, «Самұрық‑Қазына» АҚ мүдделерінің өкілі Ернат Құдайбергенұлы Бердіғұловтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. 2025 жылғы 5 мамырдан бастап «Самұрық‑Қазына» АҚ мүдделерінің өкілі Нұрлан Қаршығаұлы Жақыпов ҚМГ Директорлар кеңесінің төрағасы болып, Директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін сайланды.
Сонымен қатар ҚМГ акционерлерінің жалпы жиналысының есеп комиссиясы құрамын өзгерту мәселесі екі рет қаралды.
2025 жылы дивидендтер төлеуден бас тарту туралы немесе ҚМГ акциялары бойынша дивидендтерді өндіріп алмау туралы қандай да бір уағдаластықтар (оның ішінде ҚМГ акционерлерімен немесе өзге тұлғалармен) болған жоқ. Таза табысты бөлу және дивидендтер төлеу туралы барлық шешімдер ҚМГ акционерлерінің жалпы жиналысында белгіленген тәртіппен қабылданды.
Компанияның миноритарлық акционерлермен өзара іс‑қимылы және олардың құқықтары туралы толығырақ «Акционерлермен және инвесторлармен өзара іс‑қимыл» бөлімінде ұсынылған.