Басқарма төрағасының үндеуі
![]()
Қол жеткізілген көрсеткіштер осымен шектелмейді: алдағы уақытта геологиялық барлау іс‑шараларының көлемін ұлғайту, мұнай‑газ химиясындағы флагмандық жобаларды іске асыру, компанияның операциялық тиімділігін арттыру жұмыстары бар.
Асхат Хасенов «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы
Құрметті акционерлер, инвесторлар және серіктестер!
2025 жыл компанияның табысты операциялық және қаржылық көрсеткіштерімен ерекшеленді, бұл «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ‑ның 2022‑2031 жылдарға арналған даму стратегиясын жүйелі іске асырудың заңды нәтижесі. Мұнай және газ конденсатын өндіру, табиғи және ілеспе газды өндіру, шикізат өңдеу деңгейі, жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемі және өңдеу тереңдігі бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілді.
Бұл көрсеткіштер осымен шектелмейді: алдағы уақытта геологиялық барлау жұмыстарының көлемін ұлғайту, мұнай‑газ химиясындағы флагмандық жобаларды іске асыру, Компанияның операциялық тиімділігін, соның ішінде цифрландыру арқылы арттыру, тасымалдаудың қосымша бағыттарын дамыту, сондай‑ақ озық технологиялық шешімдер мен жасыл жобаларды енгізу жұмыстары бар.
ҚМГ қаржы қызметінде жоғары тұрақтылықты көрсетті, «Таза қарыз / EBITDA» арақатынасы 0,16х құрады. Компанияның ауқымды инвестициялық бағдарламаны іске асыруға көшкенін ескерсек, борыштық жүктеменің сақталып отырған төмен деңгейі оны қаржыландыру үшін қажетті қаржылық икемділікті қамтамасыз етеді.
Геологиялық барлау
Табысты геологиялық барлау берік ғылыми әрі технологиялық шешімдерге негізделген. Соңғы он жылда ҚазМұнайГаздың геологияға жауапты мамандары жүйелі жұмысты атқарды, соның ішінде тарихи геологиялық‑геофизикалық материалдарды кешенді талдау мен қайта түсіндіру, сондай‑ақ Қазақстан аумағының 30 % астамын қамтитын Каспий маңы, Маңғыстау, Үстірт‑Бозашы, Оңтүстік Торғай және Шу‑Сарысу сияқты негізгі мұнай‑газ шөгінді алаптары бойынша цифрлық модельдерді құру іс‑шаралары бар. Жаңа жобаларды дайындау және еліміздің мұнай‑газ әлеуетін қайта қарастыру үшін қуатты база қалыптастырылды.
Өңірлік зерттеулердің, алаптардың цифрлық модельдеудің және алдын ала сейсмикалық жұмыстардың қорытындысы бойынша Компания әртараптандырылған жобалар портфелін жасақтап, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Қызылорда облыстарында кең ауқымды жұмыстарды бастап, геологиялық барлау қызметін күшейте түсті.
2025 жылы көмірсутектерді барлау мен өндіру бойынша төрт келісімшартқа қол қойылды. Каспий маңы шөгінді алабының солтүстік борт аймағында (Батыс Қазақстан облысы) орналасқан Березовский учаскесі бойынша жұмыстар Sinopec компаниясымен серіктестікте іске асырылуда. Каспий маңы алабының оңтүстік борт аймағындағы (Атырау облысы және Каспий теңізінің ішінара қазақстандық секторы) Жылыой учаскесі бойынша серіктес – CNOOC компаниясы. Оңтүстік Маңғыстау шөгінді алабындағы (Маңғыстау облысы) Солтүстік Өзен учаскесі KMG Barlau арқылы компанияның өз күшімен жүзеге асырылуда. Үстірт‑Бозашы және Каспий маңы алабының түйіскен жерінде орналасқан (Маңғыстау облысы және Каспий теңізінің қазақстандық секторы) Болашақ учаскесі жөніндегі жобаны да ҚМГ өз күшімен іске асырып жатыр.
Жер қойнауын геологиялық зерттеу бағдарламалары (ЖГЗ 1.0 және 2.0) бойынша қыруар жұмыс атқарылды. Нәтижесінде сейсмикалық барлаудың едәуір көлемін жүргізіліп қана қоймай, сонымен қатар инвестициялардың қайтарылуы қамтамасыз етілді.
ЖГЗ 2.0 аясында 2025 жылы жалпы көлемі 1800 км 2D және 1500 шаршы км 3D болатын Атырау және Ұлытау облыстарында Береке (Каспий маңы шөгінді алабы) және Шу‑Сарысу (Шу‑Сарысу шөгінді алабы) жобалары бойынша сейсмикалық барлау жүргізілді. Ақтөбе облысындағы Шығыс жобасы бойынша (Каспий маңы шөгінді алабы) 2D сейсмикалық барлаудың 2650 км тарихи деректері қайта өңделді.
Геологиялық барлау қызметін күшейтудің негізгі көрсеткіштерінің бірі – іздестіру бұрғылау жұмыстары көлемінің өсуі болды. 2020‑2024 жылдар аралығында төрт іздеу ұңғымасы бұрғыланған болса, тек 2025 жылдың өзінде сегіз ұңғыма бұрғыланды. 2030 жылға дейін 25 іздеу ұңғымасын бұрғылау жоспарда, оның тоғызы терең ұңғыма. Бұл жер қойнауын игерудің неғұрлым ауқымды және технологиялық жағынан күрделі кезеңіне өтуді көрсетеді.
2026‑2029 жылдары ҚМГ Каспий маңы, Үстірт‑Бозашы, Маңғыстау, Оңтүстік Торғай, Шу‑Сарысу және Солтүстік Торғай шөгінді алаптары шегіндегі Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Ұлытау және Қостанай облыстарында ауқымды геологиялық барлау жұмыстарын іске асыруды жоспарлап отыр.
Қазақстанда көмірсутектерді өндіру он бес шөгінді алабының бесеуінде ғана жүргізілетінін ескерсек, геологиялық барлау портфелінің инвестициялық әлеуеті жоғары деп бағаланып отыр. Елімізде бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасалған, ал мемлекеттік саясат геологиялық барлауды қолдауға, озық технологияларды енгізуге және тұрақты энергетиканы дамытуға бағытталған.
Ұлттық компания ретінде ҚазМұнайГаз технологиялық тәуекелдері жоғары болып саналатын аса терең және геологиялық күрделі нысандарды бұрғылауға көшуді қоса алғанда, ауқымды әрі көп капиталды қажет ететін жобаларды іске асыру үшін жауапкершілікті өзіне алады.
Маңызды жетістіктердің бірі Қаратон Подсолевой (Атырау облысы) учаскесінде терең іздестіру ұңғымасының бірінші нысанын сынау кезінде газдың фонтанды ағынын алу болды, бұл терең орналасқан көкжиектерде көмірсутектердің бар екенін растады және тұзасты кешендерін одан әрі игеру үшін негіз қалыптастырады.
Өндіру
2025 жылы ҚМГ‑ның бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардағы үлесін қоса есептегенде, мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 10 % өсіп, 26,2 млн тоннаны құрады. Газ өндіру көлемі 11,4 млрд. м³ құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 20 % жоғары болды.
Өндіріс деңгейінің өсуіне негізінен Теңіз кен орнында болашақ кеңейту жобасы аясында жаңа үшінші буын зауытын табысты пайдалануға берілуі және оның қуатын ұлғайту оң ықпал етті. Мұнай өндіру жылына 12 млн тоннаға артты.
Сонымен қатар операциялық активтер де тұрақты өндірістік нәтижелерді көрсетті. «Ембімұнайгаз» АҚ‑да Батыс Прорва кен орнында алғашқы кешенін техникалық тұрғыда іске қосу және Батыс Қарасор жаңа кен орнын пайдалануға беру жобалары сәтті іске асырылды, бұл мұнай мен газ конденсатын өндіруді 2,2 %, яғни 2 850 мың тоннаға дейін ұлғайтуға, сондай‑ақ газ өндіруді 18,1 %, 242 млн м³ дейін арттыруға ықпал етті. Сонымен қатар 2025 жылдың қорытындысы бойынша Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында орналасқан Доңға кен орнында мұнай өндіру көлемі 677 мың тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 7,5 % артты. Көрсеткіштің өсуі операциялық тиімділікті арттыруға бағытталған геологиялық‑техникалық және өндірістік іс‑шаралар кешенін іске асыру арқылы қамтамасыз етілді.
«Урал Ойл энд Газ» ЖШС бойынша 2025 жылы нақты газ өндіру 470 млн м³, мұнай және газ конденсатын өндіру 343 мың тоннаны құрады. 1‑кезең аясында жобалық жабдыққа толық көшу жұмыстары атқарылды, бұл 2026 жылы газ және конденсат өндіру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
2025 жылы «Өріктау Оперейтинг» ЖШС шикі газды Жаңажол мұнай‑газ өңдеу кешенінің қуатында технологиялық өңдеу бойынша «СНПС‑Ақтөбемұнайгаз»АҚ‑мен келісім жасасты. Бұл келісім шикі газды өңдеу үшін қажетті қуаттармен қамтамасыз етеді және Орталық Өріктау кен орнын өнеркәсіптік игеруге кірісуге және 2027 жылдың соңына қарай тәуліктік газ өндіру режимін жылына 1 млрд м³ дейін арттыруға жол ашады.
Компания игерудің озық технологияларын енгізуге ерекше ден қоя отырып, ескі кен орындарында өндірудің табиғи төмендеуін өтеу мақсатында өндіру көлемін ұлғайтуға және сақтап қалуға бағытталған шараларды жүйелі түрде іске асырып келеді. Технологиялық сын‑қатерлерді еңсеру жөніндегі жол картасын іске асыру аясында, бір мезгілде бөлек айдау, қабылдағыштық профилін тегістеу, шағын диаметрлі (Slimhole) ұңғымаларды бұрғылау бойынша тәжірибелік‑өнеркәсіптік сынақтар және полимерлі су айдау сияқты озық шешімдер кешенін енгізу нәтижесінде 2025 жылы қосымша 434 мың тонна мұнай өндірілді.
Тасымалдау
Мұнайды құбыр және теңіз арқылы тасымалдаудың жиынтық көлемі 83,3 млн тоннаны құрады. Компания мұнай тасымалдау жүйелері бойынша құрылған көлік қуаттарының жүктемесін арттыру, сондай‑ақ экспорттық бағыттарды әртараптандыру жұмыстарын жалғастыруда.
Әзербайжан Республикасының аумағы арқылы өтетін Қазақстан мұнайы транзитінің көлемін кезең‑кезеңімен ұлғайту туралы келісім аясында Ақтау — Баку — Тбилиси — Жейхан бағыты бойынша мұнай жеткізуді жылына 2,2 млн тоннаға дейін арттыру көзделуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Ақтау портынан Баку — Тбилиси — Жейхан бағытына қарай 1,3 млн тонна мұнай жөнелтілді. Баку — Тбилиси — Жейхан мұнай құбырындағы технологиялық шектеулерге байланысты 2025 жылдың тамыз‑қазан айлары аралығында Ақтау‑Баку бағыты бойынша жеткізілімдерді уақытша тоқтату мұнайды тиеп жөнелту көлеміне әсер етті. Сонымен қатар 2025 жылы Германияға мұнай тасымалдау көлемі 2,1 млн тоннаға дейін ұлғайтылды, бұл 2024 жылғы деңгейден 40 % артық.
Бұл ретте Каспий құбыр консорциумының құбыры еліміздің негізгі экспорттық бағыты болып қала береді: 2025 жылы КҚК арқылы Қазақстан мұнайының 64,8 млн тоннасы тасымалданды, бұл мұнай тасымалдау жүйесі арқылы өтетін жалпы экспорт көлемінің 82 % құрайды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай тасымалдау көлемі өткен жылмен салыстырғанда ҚМГ үлесіне 11 % артты. Компания экспорттық инфрақұрылымның сенімділігіне байланысты тәуекелдерді басқаруға басымдық беруде және логистикалық тізбектердің тұрақтылығын арттыруға бағытталған шаралар кешенін іске асырып жатыр.
Өңдеу және маркетинг
Қазақстанның және Румынияның мұнай өңдеу зауыттарында көмірсутек шикізатын өңдеудің жалпы көлемі 21,0 млн тоннаны құрап, ең жоғары тарихи деңгейге жетіп, мұнай өнімдерінің тұрақты жеткізілімін қамтамасыз етті. Бұл оң нәтижеге жету мұнай өңдеу зауыттарының тиімді жұмысының арқасында мүмкін болды.
2025 жылы Қазақстандағы үш ірі мұнай өңдеу зауыттарында өңдеу тереңдігі 90,1 % құрады, бұл – тарихымыздағы ең жоғары көрсеткіш. Жеңіл мұнай өнімдерінің өндірісін ұлғайту жөніндегі іс‑шаралар аясында еліміздегі барлық МӨЗ бойынша оларды шығару көлемі 77,7 % жетті, бұл да – ең жоғары тарихи меже.
Мұнай өнімдері мен газды ішкі тұтынудың өсімі ішкі нарыққа жеткізу көлемдерін қамтамасыз етудің маңызын күшейтеді, бұл компанияның мұнай және газ өңдеу қуаттарын дамытуға, құруға және кеңейтуге бағытын алғанын анықтайды.
Осыған байланысты CNPC қытайлық серіктесімен бірлесіп іске асырылып жатқан Шымкент мұнай өңдеу зауытының (ПҚОП) қуатын жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін ұлғайту жобасының маңызы зор. 2025 жылы алдын ала техникалық‑экономикалық негіздемені түзету аяқталды. ТЭН әзірлеу басталды.
Сонымен қатар ҚМГ Жаңаөзен қаласында қуаты 900 млн м³ болатын жаңа газ өңдеу зауытының құрылысын жүргізіп жатыр. Бұл Маңғыстау өңірі үшін стратегиялық маңызға ие өнеркәсіптік жоба. 2025 жылы құрылыс‑монтаждау жұмыстары басталды.
Мұнай‑газ химиясы
KPI интеграцияланған газ‑химия кешені есепті жылы өнім желісін 15 маркаға дейін кеңейтіп, 377 мың тонна полипропилен өндірді. 326 мың тоннасы Еуропа, Қытай, Түркия және Ресей елдеріне экспортқа шығарылды Ішкі нарықты өніммен қамтамасыз етудің нәтижесінде Қазақстанның импортқа тәуелділігі 8 % дейін төмендеді.
ҚМГ мұнай‑газ химиясында флагмандық жобаларды іске асырып келеді. Арзан шикізатқа қолжетімділіктің болуы мұнай‑газ химиясын ҚМГ‑ның өсуіне тың серпін бере алатын сала ретінде айқындайды, ол компанияның қосылған құн тізбегін дұрыс әрі сапалы кеңейтуге және еліміз үшін мультипликативтік әсердің жоғары деңгейін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Интеграцияланған газ‑химия кешені толық циклді технология бойынша жұмыс істейді. 2025 жылы Атырау облысындағы арнайы экономикалық аймақ аумағында қуаты жылына 1,25 млн тонна және инвестиция көлемі шамамен 7,4 млрд АҚШ доллары болатын полиэтилен өндіретін зауыттың негізгі құрылыс жұмыстары басталды. Газ сепарациялау кешенін салу жобасы бойынша ерте құрылыс жұмыстары басталды. 2025 жылы магистралды құбырларды (этан, пропан) салу жобасы бойынша түпкілікті инвестициялық шешім қабылданды.
Жоғарыда аталған жобаларға қосымша, сондай‑ақ ҚМГ‑ның мұнай‑газ химиясы секторындағы әлеуетін барынша дамыту мақсатында басқа да жобаларды іске асыру қарастырылуда. Солардың бірі – ішкі нарық үшін де, экспорт үшін де азот тыңайтқыштарын жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған қуаты жылына 800 мың тонна карбамид өндіретін зауыт салу.
Технологиялық даму және цифрландыру
Жасанды интеллект негізінде әзірленген шешімдерді тарату операциялық тиімділікті, өндірістік процестердің сенімділігін және бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басты факторларының біріне айналды. Бұл ретте цифрлық технологияларды одан әрі дамыту компания қызметінің басым бағыты болып қала береді. Жасанды интеллект пен Big Data технологияларына негізделген ҚМГ‑ның жеке әзірлемесі – ABAI ақпараттық жүйесі кен орындарды барлау, бұрғылау, пайдалану және экономикалық әсерді бағалаудағы процестерді оңтайландыруға бағытталған көптеген тәуелсіз модульден тұрады. 2025 жылы «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС сияқты негізгі өндіруші активтерге «Су айдауды басқару» модулін тарату жұмыстары атқарылды.
Жаңартылатын энергия көздерін дамыту
2025 жылы Жаңаөзен қаласында қуаты 50 МВт күн электр станциясы пайдалануға берілді – бұл Төмен көміртекті даму бағдарламасы аясында ҚМГ мен Eni S.p.A. бірлесіп іске асырып жатқан жалпы қуаты 247 МВт болатын гибридті электр станциясы жобасының бірінші кезеңі. Күн электр станциясы ҚМГ‑ның еншілес кәсіпорындары — «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС‑нің өндірістік процестерінің сенімділігі мен тұрақтылығын нығайтып, оларды электр энергиясымен қамтамасыз етеді. 2026 жылы жел (77 МВт) және газ (120 МВт) электр станцияларының құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр, одан кейін нысан жаңартылатын және дәстүрлі генерация арасындағы тепе‑теңдікті қамтамасыз ететін бірыңғай гибридті энергия кешені ретінде жұмыс істей бастайды.
Жамбыл облысында заманауи энергия жинақтау жүйесімен жабдықталған, қуаты 1 ГВт дейінгі жел электр станциясының құрылысын көздейтін «Мирный» жобасы іске асырылып жатыр. Бұл жаңартылатын энергетика саласындағы еліміздегі ең ірі жобалардың бірі. 2025 жылы техникалық‑экономикалық зерттеулер аяқталып, өңірдегі жел әлеуеті талданды.
Еңбек қауіпсіздігі
Компания қызметкерлердің қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, сондай‑ақ компанияның өндірістік нысандары орналасқан өңірлерде тұратын халықтың денсаулығын қорғауға басымдық береді. Өндірістік қауіпсіздік деңгейін арттырудың маңызды элементі цифрлық шешімдерді енгізу болды. Айталық, жоғары қауіпті жұмыстарды орындау кезінде оқыс оқиғалардың алдын алуға және жұмысшыларды қорғауға арналған TUMAR интеллектуалды бейнеталдау жүйесі 2025 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ‑ның Жетібай және Қаламқас кен орындарында ұңғымаларды жерасты және күрделі жөндеу кезінде ҚМГ‑ның мұнай сервистік ұйымы – «Oil Services Company» ЖШС‑де қолданыла бастады.
Жұмысшы мамандықтар жылы
Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған 2025 жылы Компания адами капиталды дамытуға және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға басымдық берді. Компания қызметінің ел экономикасы үшін стратегиялық маңызын және оның өңірлердегі әлеуметтік рөлін ескере отырып, өндірістік персоналдың кәсіби дамуына айрықша назар аударылды. ҚМГ компаниялар тобында жұмысшы мамандықтар бойынша 44 мыңнан астам адам еңбек етеді.
Компания жыл бойы кәсіптік оқыту, біліктілікті арттыру, тағылымдамадан өту және тәжірибе алмасу үшін жан‑жақты жағдай жасады. Еңбек адамын дәріптеуге және кәсіби шеберлікті дамытуға бағытталған негізгі іс‑шаралардың бірі «Үздік маман» шеберлік байқауы болды. Бұл жарыс ҚМГ‑да он жылдан бері өткізіліп келеді. 2025 жылы байқауға компанияның Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Ақтөбе және Павлодар облыстарындағы, Шымкент қаласындағы, сондай‑ақ Румыниядағы еншілес кәсіпорындарының 300‑ге жуық қызметкері қатысты. Аталмшы конкурсқа қосымша ретінде 12 жұмысшы мамандықты қамтыған «ҚМГ Кәсіп» біліктілікті арттыру бағдарламасы, модульдік оқыту курстары (соның ішінде NCCER халықаралық сертификаты бар Crew Leadership), сондай‑ақ мұнай‑газ саласында еңбек ететін жұмысшы әйелдерді дамытуға бағытталған JanAru – Жаңару білім беру бағдарламасы және басқа да жобаларды қоса алғанда, қызметкерлерді дамытуға бағытталған бастамалар іске асырылды.
Компания қызметін жүргізетін өңірлердің әлеуметтік дамуы
2025 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚМГ Маңғыстау облысында екі ірі әлеуметтік жобаны іске асырды. Біріншісі – қуаты тәулігіне 50 мың м³ құрайтын Кендірлі теңіз суын тұщыту зауыты, екіншісі жалпы ауданы 3 мың м³ оқушыларға арналған Bolashaq Sarayi. Зауыт Жаңаөзен және оған іргелес елді мекендердің тұрғындарын сумен қамтамасыз етеді, ал жаңадан ашылған заманауи кешен балаларға оқу мен шығармашылық үшін жан‑жақты жағдай жасайды.
Ел экономикасына қосып жатқан елеулі үлесін ескере отырып, ҚМГ өңірлердің тұрақты дамуына жәрдемдесуді жалғастырады. 2020‑2025 жылдар аралығында компания 356 млрд теңге сомасына әлеуметтік жобаларды іске асырды. Тек 2025 жылы жергілікті атқарушы органдарға жер қойнауын пайдалану келісімшарттарының міндеттемелері аясында 4,2 млрд теңге аударылды, ал демеушілік және қайырымдылық көмектің көлемі 2 млрд теңгеден асты.
Қорытынды
Біз өндірістің тұрақтылығын және еліміз, акционерлеріміз және инвесторларымыз үшін ҚМГ‑ның ұзақ мерзімді құндылығын құруды қамтамасыз ете отырып, барлық еншілес ұйымдарда операциялық тиімділікті арттыру мәселесіне ерекше назар аударуды жалғастырамыз. 2025 жылы мен еншілес компаниялар мен бірлескен кәсіпорындарда қызметтің негізгі бағыттары бойынша 30‑дан астам көшпелі жұмыс кездесулерін өткіздім, бұл стратегиялық міндеттерді орындаудың тиімділігін арттыру үшін қосымша шараларды анықтауға мүмкіндік берді.
Сөзімді қорытындылай келе, ҚМГ компаниялар тобының барлық еңбек ұжымдарына және серіктестерімізге жоғары кәсіби шеберлігі мен есепті жылдың нәтижелеріне қосқан үлесі үшін алғыс білдіремін. Қол жеткізілген нәтижелер ҚМГ командасының үйлесімді жұмысы мен жоғары біліктілігінің жемісі болды.