Жауапкершілік туралы мәлімдеме
Корпоративтік басқару кодексіне сәйкес«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акционерлерінің жылдық жалпы жиналысының 2025 жылғы 13 қазандағы №3/2025 хаттамасымен бекітілген. Директорлар кеңесі мен Басқарма Компанияның жылдық есебі мен қаржы есептілігінің дұрыстығына жауап береді.
Директорлар кеңесі және Директорлар кеңесінің әрбір мүшесі Жылдық есеп пен есептілікті дайындау және келісу кезінде өз жауапкершілігін түсінетінін мәлімдейді және Жылдық есеп пен есептілікті тұтастай алғанда, әділ, теңдестірілген және түсінікті деп есептейді, сондай‑ақ акционерлерге Компанияның жағдайын, қызмет нәтижелерін, бизнес‑моделін және стратегиясын бағалау үшін қажетті ақпаратты қамтиды.
Директорлар кеңесінің әрбір мүшесі өзінде бар ақпаратты негізге ала отырып, келесіні растайды:
- халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына (ХҚЕС) сәйкес дайындалған қаржы есептілігі Компанияның активтері, міндеттемелері, қаржылық жағдайы, қаржы‑шаруашылық қызметінің нәтижелері, Компанияның еншілес кәсіпорындарымен біріктірілген балансы туралы шынайы және сенімді ақпарат береді;
- басқарманың есебі Компания мен оның еншілес кәсіпорындарының қаржы‑шаруашылық қызметінің дамуы және көрсеткіштері мен қаржылық ахуалы туралы сенімді деректерді, сондай‑ақ олар тап болатын аса маңызды тәуекелдер мен белгісіздіктерді сипаттайды
Директорлар кеңесі Кодекске сәйкес директорлардың тәуелсіз екенін белгіледі және Холланд Филип Малкольм, Жұбаев Арманбай Сапарбайұлы, Арғынғазин Арман Әнуарбекұлы, Мыңшәріпова Сая Найманбайқызы және Шәкіров Асқар Оразалыұлының мінез‑құлқы мен шешім қабылдауы тәуелсіз деп есептейді. Директорлар кеңесі аталған директорлардың тәуелсіз шешімдеріне айтарлықтай әсер ететін немесе әсер ете алатын қандай да бір болмасын байланыстың немесе мән‑жайдың жоқ екенін анықтады.
Компания басшылығы ХҚЕС талаптарына сәйкес жылдық есеп пен шоғырландырылған қаржылық есептілікті дайындауға, сондай‑ақ ақпараттың дұрыстығын қамтамасыз ету үшін қажетті ішкі бақылау жүйесін енгізуге және қолдауға жауапты.
ҚМГ Директорлар кеңесі жанындағы Аудит жөніндегі комитет Компанияның шоғырландырылған қаржылық есептілігін және жылдық есепті дайындау процесіне бақылау жүргізеді.
Жылдық есептілікті дайындау барысында Компания басшылығы Компанияның жақын болашақта өз қызметін үздіксіз жүзеге асыру қабілетіне бағалау жүргізді. Бұл бағалау қаржылық есептілік бекітілген күннен кейінгі кемінде он екі айлық кезеңді қамтиды. Ағымдағы қаржылық көрсеткіштерді, қолда бар несие желілерін, ақша қаражаттарының қозғалысы болжамын және даму бюджетін талдау негізінде Компания басшылығы Компанияның өз қызметін жалғастыруға және көрсетілген кезең ішінде өтеу мерзімі басталған міндеттемелерін орындауға жеткілікті ресурстары бар екенін растайды.
Компания басшылығының пікірінше, жылдық есептілік бекітілген күнгі жағдай бойынша Компанияның өз қызметін үздіксіз жалғастыру қабілетіне елеулі күмән тудыруы мүмкін оқиғалар немесе жағдайлар жоқ.
Компания басшылығы Компанияның өз қызметін үздіксіз жүзеге асыру қабілетін бағалауға қатысты жауапкершілігін растайды.