Геологиялық барлау
Ресурстық базаны дамыту – ҚМГ‑ның негізгі стратегиялық міндеті, оның аясында ауқымды өңірлік зерттеулер мен бассейндік модельдеу нәтижелері бойынша дайындалған барлау жобаларының әртараптандырылған портфелі жасақталды.
Геологиялық барлау бағдарламасының басты басымдықтары мыналар:
- палеозой кешенінің терең орналасқан перспективаларын жан‑жақты зерттеу;
- бұған дейін жеткілікті көңіл бөлінбеген аумақтарда озық сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізу;
- жұмыс істеп тұрғын кен орындарды қосымша барлау бағдарламасы аясында ресурстық қорды өсіру үшін перспективаларды іздеу.
Жобалардың іске асуы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар және жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензиялар аясында жүргізіледі. ҚМГ геологиялық және қаржылық тәуекелдерді төмендету мақсатында стратегиялық серіктестерді тарту бойынша жұмыс жүргізеді.
Қызылорда облысы
Торғай Палеозой жобасы Оңтүстік Торғай шөгінді бассейнінің терең құрылысын зерттеуге және палеозой шөгінділерінің мұнай‑газ әлеуетін бағалауға бағытталған. Жобаны ҚМГ өз күшімен жүзеге асыруда.
Бұрғыланған PZ‑1 іздеу ұңғымасы Оңтүстік Торғай алабының палеозой кешені астындағы шөгінділерінің перспективаларын зерттеуге бағытталған аймақтағы бірінші ұңғыма болды. Бұрғылау жұмыстары күрделі геологиялық‑техникалық жағдайларда жүргізілді және 5 500 м жобалық тереңдігімен 5 585 м тереңдікте аяқталды.
Нәтижелер бұрын тарихи түрде «іргетастың» беті ретінде қабылданған тау жыныстарының астында қуатты палеозой шөгінді кешенінің болуын растады. Шартты түрдегі «іргетас» жыныстарынан төмен бөлінісінде жалпы қуаты шамамен 2 500 м интервалды тақтатастары бар негізінен карбонатты жарылған коллекторлар ашылды, бұл Оңтүстік Торғай бассейнінің терең құрылысын түсіну үшін айтарлықтай ғылыми маңызға ие.
Жұмыс нәтижелері бойынша аймақтағы палеозой кешенінің перспективаларын одан әрі зерттеу бағдарламасы жасалды.
Атырау облысы және ішінара Каспий теңізінің қазақстандық секторы
2025 жылы Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, ҚМГ және CNOOC Жылыой күрделі жобасы аясында көмірсутектерді барлау мен өндіру келісімшартына қол қойды. CNOOC Қазақстанға алғаш рет инвестиция құйып отырғанын атап өткен жөн.
Жылыой учаскесі Каспий теңізінің солтүстік‑шығыс бөлігінің транзиттік аймағында орналасқан. Жобаны іске асыру барлау кезеңін серіктес тарапынан кэрри‑қаржыландыру аясында 50/50 тепе‑тең негізінде жүргізіледі. Жобаның операторы — «Zhylyoi Operating» ЖШС.
Учаскенің перспективасы тұзүсті және тұзасты шөгінділерімен байланысты, мұнда минималды жұмыс бағдарламасы аясында көлемі 400 шаршы км 3D сейсмикалық барлау жүргізу, көлемі 400 км 2D тарихи сейсмикалық барлау деректерін қайта өңдеу, 2 000 м тәуелсіз ұңғыманы бұрғылау, сондай‑ақ 3D сейсмикалық барлау нәтижелеріне тәуелді болатын 4 500 м ұңғыманы бұрғылау жоспарлануда.
Атырау облысы
Қаратон Подсолевой жобасы Каспий маңы алабының тұзасты шөгінділеріндегі ірі карбонатты платформаны зерттеуге бағытталған. Бұрғылау жұмыстары геологиялық‑технологиялық тұрғыдан қиын жағдайларды жүргізілді, соның ішінде тым жоғары қабат қысымы мен күкіртті сутектің болуы.
Іздеу ұңғымасын бұрғылау 2025 жылдың желтоқсан айының соңында аяқталды, нақты тереңдігі 5 750 м болды. Бұрғылау іс‑шараларының нәтижесі бойынша 2026 жылға жоспарланған сынақ жүргізу үшін перспективті аралықтар анықталды.
Жоба «Татнефть» ЖАҚ стратегиялық серіктесімен бірлесіп, серіктес тарапынан кэрри‑қаржыландыру аясында 50/50 тепе‑теңдік негізде іске асырылуда. Жер қойнауын пайдаланушы – Karaton Operating Ltd.
Батыс Қазақстан облысы
2025 жылы Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, ҚМГ және Sinopec компаниясы Березовский күрделі жоба аясында көмірсутектерді барлау және өндіру туралы келісімшартқа қол қойды.
Березовский учаскесі Батыс Қазақстан облысының шегінде, Қарашығанақ кен орнынан оңтүстік‑шығысқа қарай жерде орналасқан. Жобаны іске асыру барлау кезеңін серіктес тарапынан кэрри‑қаржыландыру аясынла 50/50 тепе‑теңдік негізінде жүргізіледі. Жобаның операторы — «Akkaiyn Operating» ЖШС.
Учаскенің перспективасы Каспий маңы бассейнінің солтүстік борт аймағының тұзастындағы шөгінділерімен байланысты, мұнда нысандар күрделі геологиялық‑технологиялық жағдайларда үлкен тереңдікте орналасқан. Минималды жұмыс бағдарламасы аясында тиісінше 300 км және 300 шаршы км көлемінде 2D және 3D сейсмикалық барлау жүргізу, сондай‑ақ 7 000 м болатын аса терең ұңғыманы бұрғылау жоспарлануда.
Атырау облысы
2025 жылы Тайсойған‑1 және Тайсойған‑2 учаскелерінде, соның ішінде тереңдігі 431 м, 675 м, 1 274 м және 4 050 м төрт іздеу ұңғымаларын бұрғылау жұмыстары аяқталды аяқталды. Атқарылған жұмыс қорытындысы бойынша көмірсутектердің өнеркәсіптік тұрғыда жинақталуы табылмады.
ҚМГ учаскесінің перспективасын түпкілікті бағалау мақсатында далалық геохимиялық зерттеулерді, сондай‑ақ сейсмикалық деректерді қайта өңдеу мен түсіндіруді қамтитын қосымша зерттеулер кешеніне бастамашылық жасады. Осы жұмыстардың нәтижелері бойынша қосымша төрт іздеу ұңғымасының орналасуын оңтайландыру жоспарлануда.
Ақтөбе облысы
Есепті жылы тереңдігі 3 250 м іздеу ұңғымасын бұрғылау аяқталды. Сынақ нәтижелері бойынша газ белгілері анықталды. Бұрғылау нәтижелері бойынша жобаға қатысты алдағы жоспарларды анықтау үшін алынған мәліметтерге кешенді талдау жүргізіледі.
Жер қойнауын пайдаланушы, ҚМГ‑ның 100 % еншілес ұйымы — «Қазақтүрікмұнай» ЖШС.
Маңғыстау облысы және ішінара Каспий теңізінің қазақстандық секторы
2025 жылғы наурызда күрделі жоба бойынша жер қойнауын пайдалану туралы келісімшартқа қол қойылды. Жер қойнауын пайдаланушы, ҚМГ‑ның 100 % еншілес ұйымы — «Bolashak Operating» ЖШС.
Учаске Үстірт‑Бозашы шөгінді алабының маңында орналасқан, онда ЖГЗ 1.0 жобасы шеңберінде сейсмикалық барлау жұмыстарының нәтижесі бойынша мезозой және палеозой кешендерінде тиісінше Салқын және Сырытау атты екі перспективті құрылым бұрғылауға дайындалды. Минималды жұмыс бағдарламасы аясында тереңдігі 3 500 м және 4 500 м екі іздеу ұңғымасын бұрғылау, сондай‑ақ көлемі 432 шаршы км 3D сейсмикалық барлау жұмыстары жоспарлануда.
Алғашқы іздеу ұңғымасын бұрғылау 2026 жылға жоспарланған, оның тереңдігі 3 500 м болмақ.
Маңғыстау облысы
2025 жылы күрделі жоба бойынша көмірсутектерді барлау және өндіру бойынша келісімшартқа қол қойылды. Жобаның операторы ҚМГ‑ның 100 % еншілес ұйымы — «KMG Barlau» ЖШС. Тереңдігі 2 002 м NO‑1 іздеу ұңғымасын бұрғылау нәтижелері бойынша көмірсутектердің коммерциялық кеніштері табылмады. Жобалық тереңдігі 1 650 м болатын NO‑4 екінші іздеу ұңғымасын бұрғылау басталды.
Каспий теңізінің қазақстандық секторы
2024 жылы Абай құрылымында теңіз ұңғымасын бұрғылау нәтижелері бойынша көмірсутектердің өнеркәсіптік кеніштері табылған жоқ, осыған байланысты 2025 жылғы ақпан айында Eni мен ҚМГ Абай жобасынан шығып, аумақты мемлекетке тапсыру туралы шешім қабылдады.
2025 жылғы сәуірде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінен 2019 жылғы 26 шілдедегі № 4752‑УВС‑МЭ келісімшартының қолданылуын тоқтату туралы хабарлама келді. 2025 жылғы қарашада жер қойнауын пайдалану салдарын жою актісіне қол қойылды.
Жоба стратегиялық серіктес Эни Исатай Б. В. компаниясымен бірлесіп, тепе‑тең негізде, кэрри‑қаржыландыру аясында іске асырылуда.
Каспий теңізінің қазақстандық секторы
«ЛУКОЙЛ» ЖАҚ қатысты санкциялық тәуекелдеріне байланысты серіктестер келісімшарттық аумақты мемлекетке қайтару арқылы Әл‑Фараби жобасынан мерзімінен бұрын шығуды қарастырып отыр.
Жоба «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ стратегиялық серіктесімен бірлесіп іске асырылады, ондағы ҚМГ үлесі 50,01 % құрайды, барлау кезеңін серіктес компания кэрри аясында қаржыландыруда.
Жер қойнауын геологиялық зерттеу (ЖГЗ) бағдарламасы
ҚМГ жер қойнауын пайдалануға келісімшарт алуға қатысты шешім қабылдау үшін өңірлердің әлеуетін зерттеу және перспективті құрылымдарды анықтау мақсатында аз зерттелген аумақтар шегіндегі жер қойнауын геологиялық зерттеу (ЖГЗ) лицензиялары аясында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда. ЖГЗ бағдарламаларының операторы – «KMG Barlau» ЖШС, ҚМГ‑ның 100 % еншілес компаниясы.
1. ЖГЗ 1.0 бағдарламасы
ЖГЗ 1.0 бағдарламасы аясында 2023–2024 жылдар аралығында Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында орналасқан Березовский, Мұғалжар, Болашақ, Жарқын, Солтүстік Өзен бес жоба бойынша жиынтықты толық көлемі 4 906 км 2D және 401 шаршы км 3D сейсмикалық барлау жүргізілді, сондай‑ақ Болашақ жобасы бойынша 2D сейсмикалық барлаудың тарихи деректерінің 1 600 км қайта өңделді.
Алынған деректердің нәтижелері бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарды алу бойынша шешімдер қабылдау алдында геологиялық белгісіздіктер төмендеді. 2025 жылы ЖГЗ 1.0 бағдарламасының бес жобасы ішінен үш учаске бойынша (Березовский, Болашақ және Солтүстік Өзен) жер қойнауын пайдалануға келісімшарттар алынды, 2026 жылы Жарқын жобасы бойынша келісімшарт алынады деп күтілуде.
2. ЖГЗ 2.0 бағдарламасы
Шетелдік серіктестерден инвестициялардың қайтарылуы ескеріліп, ЖГЗ 1.0 бағдарламасы аясында Атырау, Ақтөбе және Ұлытау облыстарындағы Береке, Шығыс және Шу‑Сарысу үш жобасы бойынша ЖГЗ 2.0 бағдарламасы дайындалған болатын.
2025 жылы Береке және Шу‑Сарысу екі учаскесі бойынша жалпы көлемі тиісінше 1 500 шаршы км 3D және 1 800 км 2D далалық сейсмикалық барлау жұмыстары жүргізілді, сондай‑ақ Шығыс учаскесі бойынша 2D сейсмикалық барлаудың 2 650 км тарихи деректері қайта өңделді.
Жұмыс істеп тұрған активтерді қосымша барлау
2025 жылы ҚМГ өндірілетін қор көлемінің өсуіне бағытталған жұмыс істеп тұрған кен орындарын қосымша барлау бағдарламасын іске асыруды жалғастырды. Келісімшарттық аумақтар шегінде жаңа кен орындарын іздеуге және бағалау ұңғымаларын бұрғылау, сейсмиканы қайта түсіндіру және геологиялық модельдерді жаңарту арқылы қабаттардың параметрлерін нақтылауға баса назар аударылды. Бұл бағыт төмен геологиялық тәуекелдер мен ресурстық базаны жедел толықтыру мүмкіндігінің арқасында басым болып қала береді.
2025 жылы қосымша барлау бастамасы аясында жоспардағы 7 ұңғыманың (ММГ 5, ЕМГ 1, ӨМГ 1) 6 бағалау ұңғымасы (ММГ 4, ЕМГ 1, ӨМГ 1) бұрғыланды. Олардың нәтижелі болуы 67 % құрады. 1 ұңғымада (ӨМГ) сынақ жұмыстары жүріп жатыр.