Нарыққа шолу

Жаһандық тенденциялар және олардың ҚМГ Даму стратегиясын іске асыруға ықпалы

Макроэкономикалық жағдай

Нарық балансы мен баға конъюнктурасы

Жаһандық сұраныс факторлары

  • Қытайдағы сұраныс өсуінің баяулауы
  • Жаһандық дамудың жаңа орталығы – Азияның дамушы елдері (ҚХР есепке алмағанда)

Жаһандық ұсыныс факторлары

  • ОПЕК+ ұйымынан тыс мұнай өндіру көлемінің өсуі
  • ОПЕК+ ұйымының стратегиялық бағытын қайта айқындауы

Геосаяси өзгерістер және тасымалдау бағыттарын трансформациялау

Саланың энергияны тиімді пайдалану және цифрландыру (ЖИ) бағыттарына бейімделуі

3,3 %
2025 жылы жаһандық ЖІӨ өсімі

2025 жылы әлемдік экономика геосаяси шиеленістер мен сауда‑саттық кедергілерінің күшеюіне қарамастан қалыпты тұрақтылықты көрсетті. Халықаралық валюта қорының (IMF, World Economic Outlook, 2026 жылғы қаңтар) бағалауы бойынша жаһандық ЖІӨ өсімі бұған дейін болжанған көрсеткіштен асып, 3,3 % құрады.

Дамыған елдердің экономикасы 1,7 % өсті, ал нарықты құраушы және дамушы елдер экономикасы жоғары өсу қарқынын көрсетіп, 4,4 % жетті. Әлемдік экономиканың өсуіне негізгі серпін берген — Азия елдері, әсіресе Үндістан (7,3 %) мен Қытай (5,0 %). Бұл елдер жаһандық энергия тұтынуындағы шешуші үлесін сақтап отыр. Алайда Қытай экономикасында тұтынудың құрылымдық баяулау белгілері айқын көрінуде.

2025 жылы экономиканың өсуіне жаңа сауда шектеулері енгізілуі мүмкін деген болжаммен компаниялар тауарларды алдын ала сатып алуы және жоғары технологиялар мен жасанды интеллект (ЖИ) салаларына салынған ірі инвестициялар қосымша серпін берді.

2025 жылы мұнай әлемдегі энергияның негізгі көзі ретіндегі басымдығын сақтап қалды. Тұтыну өсімінің қарқыны құрылымдық тұрғыдан баяулағанына қарамастан, мұнайға деген абсолюттік сұраныс артып отыр. Халықаралық энергетика агенттігінің (IEA, World Energy Outlook, 2025 жылғы қараша) болжамына сәйкес, қолданыстағы саясаттың сценарийі бойынша 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш тәулігіне 113 млн баррельге жетуі мүмкін. АҚШ энергетика ақпарат басқармасының (EIA, Annual Energy Outlook, 2025 жылғы сәуір) бағалауынша, бұрынғыдай сұйық көмірсутектің әлемдік энергия тұтынуындағы үлесі 30 % жоғары деңгейде сақталады. Бұл энергетиканың балама түріне көшу үдерісіне қарамастан, дәстүрлі энергия ресурстарына деген ұзақ мерзімді сұраныстың болатынын дәлелдейді.

2025–2050 жылдарға арналған отын түрлері бойынша әлемдік бастапқы энергия тұтыну болжамы, квадриллион БӨББритандық жылуды өлшеу бірлігі.
Дереккөз: EIA, Annual Energy Outlook 2025, Data Browser, база сценарийі, 2025 жылғы сәуір.

2025 жылы әлемдік мұнай нарығы тұрақты құрылымдық профицит кезеңіне өтті. Бұл көмірсутек бағасына қысым жасаған негізгі факторға айналды. IEA және EIA бағалауы бойынша, 2025 жылы жаһандық нарықтағы артық ұсыныс көлемі тәулігіне 2 млн баррельден асты. Аталған үрдістің басты себептері – әлемдік сұраныс өсімінің баяулауы аясында Америка елдерінде мұнай өндірудің рекордтық қарқынмен артуы болды.

IEA және EIA болжамдарына сәйкес, 2026 жылы ұсыныстың профициті одан да жоғары деңгейде күтілуде.

S&P Global Platts деректеріне қарағанда, ұсыныстың ұлғайып келе жатқан профициті жағдайында 2025 жылы Brent маркалы мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 69,1 АҚШ долларына дейін арзандады. Бұл көрсеткіш 2024 жылғы 80,8 АҚШ долларымен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Жылдың негізгі экономикалық ахуалы тұтыну құрылымының өзгеруімен және логистикалық тізбектердің бұзылу тәуекелдеріне нарықтың жоғары сезімталдығымен сипатталды.

Осыған ұқсас динамиканы KEBCO (Kazakh Export Blend Crude Oil) маркалы мұнай көрсетті: S&P Global Platts дереккөзі бойынша 2025 жылы орташа жылдық бағасы 2024 жылғы 80,7 АҚШ долларымен салыстырғанда барреліне 69,9 АҚШ долларына дейін төмендеді.

Мұнайдың 2024–2026Б жылдардағы әлемдік балансын бағалау, тәулігіне млн баррель
Дереккөз: BloombergNEF, Key Oil Agencies Update, 2026 жылғы қаңтар.

KEBCO – Қазақстанның экспортқа шығарылатын мұнай белгісі, ол 2022 жылдың маусым айында ресейлік инфрақұрылым арқылы тасымалдау кезінде қазақстандық баррель мен ресейлік қоспаны ажырату үшін енгізілген. KEBCO жеткізілімдері қай елде өндірілгені жазылған сертификатпен бірге жүреді және халықаралық трейдерлер мен мұнай өңдеу зауыттары оны Urals сұрыпынан ерекшеленетін мұнайдың жеке сорты ретінде мойындады.

2026 жылы мұнай нарығында ұсыныс профициті сақталып, бағаның арзандауына қысым жалғаса беретін болады. Bloomberg сарапшыларының (2026 жылғы 15 сәуірдегі жағдай бойынша) консенсус‑болжамына сәйкес, 2026 жылы Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы барреліне шамамен 68,0 АҚШ долларын құрауы мүмкін.

2024 және 2025 жылдардағы Brent пен KEBCO маркалы мұнай бағаларының динамикасы, барреліне АҚШ доллары
Дереккөз: S&P Global Platts.
ҚМГ‑ға ықпалы

Мұнай бағасының түсуі компанияның валюталық түсіміне қысым түсірді. Соған қарамастан, 2025 жылы ҚМГ шығындарды тиімді басқару және негізгі активтердегі өндіріс көлемінің артуы есебінен жоғары операциялық тұрақтылық танытып, EBITDA көрсеткішін тұрақты деңгейде сақтап қалды.

ҚМГ сценарийлік жоспарлауды енгізіп, мұнай бағасының түсуіне компания қызметінің қаншалықты тәуелді екенін тұрақты түрде бағалап, талдау жүргізеді. Бұл болып жатқан нарықтық жағдайларға уақтылы бейімделуге, өндірістік және инвестициялық шешімдерді тиімді қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл шаралар операциялық қызметтің тұрақтылығын қамтамасыз етуге, қаржылық орнықтылықты сақтауға және баға құбылуы жағдайында ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған.

2025 жылы сұйық көмірсутектерге деген жаһандық сұраныс жалпы алғанда тұрақты болды. Алайда өсім қарқыны пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда баяулады. Жыл қорытындысы бойынша әлемдік тұтыну тәулігіне 0,8–1,3 млн баррельге ұлғайып, EIA, IEA және ОПЕК бағалауларына сәйкес тәулігіне 103,7–105,1 млн баррель аралығында қалыптасты.

Қытайдағы сұраныс өсуінің баяулауы

IEA (Oil 2025, 2025 жылғы маусым) есебіне сәйкес, ұзақ жылдар бойы әлемдік мұнай тұтынуы өсімінің негізгі драйвері болып келген Қытайда 2025 жылы сұраныс өсімі баяулаған. Сарапшылардың бағалауынша, бұл тұтыну қарқынының баяулауы уақытша құбылыс емес, керісінше экономиканың энергия сыйымдылығы төмен даму моделіне көшуімен байланысты құрылымдық өзгерістерді көрсетеді.

S&P Global (Global Oil Demand Monthly Outlook, 2025 жылғы желтоқсан) есебіне сәйкес 2025 жылы Қытайдағы мұнайға сұраныстың жылдық өсімі тәулігіне 72 мың баррельді құрады. Бұл 2024 жылғы тәулігіне 96 мың баррель көрсеткішінен төмен. Сұраныс өсімінің баяулауының негізгі себебі – көлік секторындағы жедел электрификация. IEA (Global EV Outlook, 2025 жылғы мамыр) болжамына сәйкес, Қытайда жаңа автокөлік сатылымындағы электр көліктерінің үлесі 60 % жетіп, мемлекет мақсат етіп қойған көрсеткіштерден едәуір асты. Бұл жағдай бензинге деген сұранысты (2025 жылы 2,7 %) төмендетті, сонымен қатар жүк көліктерінде сұйытылған табиғи газ (СТГ) және электр жетегі бар техниканың белсенді енгізілуі дизель отыны тұтынуының төмендеуіне әсер етті. Ауыр техника сегментінде баламалы жетекті көліктердің үлесі 39 % құрады. Бірақ оң динамиканы сақтап отырған бағыттар да бар. Атап айтқанда, мұнай химиясы шикізаты мен авиациялық отынға деген сұраныс өсуін жалғастыруда. Мұнай химиясы саласы жалпы сұраныстың баяулауын ішінара тоқтататын негізгі фактор ретінде қалып отыр.

ҚМГ‑ға ықпалы

ҚМГ‑ның Қытай нарығына тікелей жеткізу бағыттары шектеулі болғанына қарамастан, аталған өзгерістер Компанияға мұнайдың әлемдік бағасы арқылы жанама әсер етеді. Сондықтан өндірістік тәртіпті сақтау, операциялық шешімдердің икемділігін қамтамасыз ету, сценарийлік жоспарлауды қолдану және қызметтің баға құбылмалылығына әсерін тұрақты түрде бағалау ерекше маңызға ие.

Сонымен қатар ҚМГ бұл құрылымдық өзгерістерді мұнай‑газ химиясы саласын дамытуға қосымша ынталандырушы фактор ретінде қарастырады. Өңдеу қуаттарын интеграциялау және жоғары қосылған құны бар өнімдерге бағдарлану – дәстүрлі мотор отындарына сұраныс төмендеген жағдайда маржиналдылықты сақтауға мүмкіндік береді.

Жаһандық дамудың жаңа орталығы – Азияның дамушы елдері (ҚХР есепке алмағанда)

2025 жылы Азияның дамушы елдері (Қытайды есепке алмағанда) сұйық көмірсутектерге деген әлемдік сұраныс өсімінің негізгі драйверіне айналды. S&P Global Energy (IEA Oil Report Commentary, 2025 жылғы желтоқсан), аталған өңірдегі жылдық өсім шамамен тәулігіне 300 мың баррельді құрады.

Үндістанда сұраныстың артуына ең алдымен инфрақұрылымға бағытталған ірі мемлекеттік инвестициялар әсер етті бұл дизель отынына деген қажеттілікті күшейтуде. Сонымен қатар жеке автокөлік паркінің кеңеюі де маңызды фактор болып отыр. Жеңіл автокөлік сегментінде электромобильдердің үлесі әлі де төмен болғандықтан, дәстүрлі жанармай түрлері тұтыну құрылымында басым позициясын сақтап келеді. Осыған ұқсас үрдістер Оңтүстік‑Шығыс Азия елдерінде (Индонезия, Вьетнам, Тайланд, Малайзия және Филиппинде) байқалады. Бұл елдерде сұраныстың өсуіне орта тап өкілдерінің көбею мен өнеркәсіп өндірісінің кеңеюі мүмкіндік жасап отыр.

2026 жылы бұл динамика ары қарай қарқын алады деп болжануда. S&P Global Energy‑дің (Global Crude Oil Markets Short‑Term Outlook, 2026 жылғы ақпан) бағалауынша, 2026 жылдың бірінші тоқсанында Оңтүстік‑Шығыс Азия аймағы Азиядағы ең жоғары өсімді қамтамасыз етіп — тәулігіне шамамен 300 мың баррельді құрайтын болады. Ал Оңтүстік Азияда (Үндістанды қоса алғанда) өсім шамамен тәулігіне 240 мың баррель деңгейінде болжануда. Аталған аймақ біртіндеп жаһандық өнеркәсіптік өндірістің жаңа орталығына айналып келеді. Бұл үдеріс индустрияландыру қарқынын жеделдетіп, жүк тасымалы үшін дизель отынына және мұнай химиясы саласы үшін нафтаға сұраныстың өсуіне ықпал етеді.

ҚМГ‑ға ықпалы

Ұзақ мерзімде перспективада бұл үрдіс өнімді өткізу бағыттарын әртараптандырудың стратегиялық мәнін күшейтіп, Азияның барынша динамикада дамып келе жатқан нарықтарына икемді бейімделуді қажет етеді.

2025 жылы жаһандық мұнай ұсынысы өсім көрсетуде. Бұл үрдіс ең алдымен Америка құрлығындағы өндірістің белсенді түрде кеңеюімен және ОПЕК+ елдерінің мұнай өндіру көлемін кезең‑кезеңімен қалпына келтіру стратегиясымен байланысты. Сонымен қатар IEA (Oil 2025 жылғы маусым) есебіне сәйкес, әлемдік мұнай барлау және өндіру саласына салынатын инвестициялар 2020 жылдан бері алғаш рет 6 %‑ға қысқарып, 2025 жылы шамамен 420 млрд АҚШ долларын құрады. Инвестиция көлемінің төмендеуіне мұнай бағасының әлсіреуі және тарифтердің енгізілуіне байланысты операциялық шығындардың артуы әсер етті.

ОПЕК+ОПЕК+ құрамынан тыс елдер — ОПЕК+ ынтымақтастық декларациясына қатыспайтын және сәйкесінше ОПЕК+ альянсы аясында өндіріс көлемін үйлестіру тетіктеріне бағынбайтын мұнай өндіруші мемлекеттер. ұйымынан тыс мұнай өндіру көлемінің өсуі

2025 жылы IEA деректеріне сәйкес (Oil 2025, 2025 жылғы маусым) әлемдік ұсыныстың өсуіне негізгі үлесті Солтүстік және Оңтүстік Америка елдері қосты. Атап айтқанда, АҚШ, Канада, Бразилия, Гайана және Аргентина өндіріс көлемін арттырды. АҚШ тәулігіне орта есеппен 13,61 млн баррель ұстап, мұнай өндірудің орташа жылдық деңгейін қамтамасыз ете отырып, әлемдегі ең ірі өндіруші ретіндегі позициясын сақтап қалды. Ал Гайана мен Бразилия терең сулы кен орындарында жаңа жүзетін қондырғыларын (FPSO) іске қосу арқылы өндіріс көлемін айтарлықтай ұлғайтты. Бұл үрдіс жаһандық нарықтың ОПЕК+ елдерінен жеткізілетін өнімге тәуелділігін төмендетіп, олардың әлемдік ұсыныстағы үлесінің одан әрі қысқаруына әсер етті.

2024–2026 жылдарға арналған мұнай және сұйық көмірсутектерді әлемдік жеткізу құрылымын бағалау: ОПЕК+ және ОПЕК+ тобына кірмейтіндер, млн баррель/тәулігіне
Дереккөз: BloombergNEF, Key Oil Agencies Update, 2026 жылғы қаңтар.

ОПЕК+ ұйымынан тыс аймақтарда өндіру көлемінің тұрақтылығы қазіргі баға конъюнктурасы жағдайында технологиялық тиімділіктің едәуір артуы және инвестициялық модельдердің оңтайландырылуы арқылы қамтамасыз етіліп отыр. Rystad Energy сарапшыларының деректеріне (Oil Macro Monthly Report, 2025 жылғы желтоқсан) сәйкес, 2025 жылы американдық өндірушілер WTI маркалы мұнай бағасы ұзақ уақыт бойы барреліне 50 АҚШ долларына дейін төмендеген жағдайда да қолданыстағы өндіріс деңгейін сақтап қала алады. Бұл фактор саладағы жобалардың экономикалық беріктігін арттырып, құбылмалы нарық жағдайында рентабельділік шегін едәуір кеңейтеді.

ҚМГ‑ға ықпалы

ОПЕК+ ұйымынан тыс өндірушілер тарапынан ұсыныстың артуы нарықтағы қысымды күшейтіп, бағаның өсу әлеуетін шектеп отыр. Осындай жағдайда Компания операциялық тұрақтылықты сақтауға және өндіріс қуатын ұлғайтуға бағытталған ірі жобаларды жүзеге асыруға басымдық береді. 2024 жылмен салыстырғанда 2025 жылдың қаңтарында Теңіз кен орны аумағында Болашақ кеңейту жобасының іске қосылуы ҚМГ үшін өндіру көлемін тәулігіне шамамен 50 мың баррельге арттыруға мүмкіндік берді.

ОПЕК+ ұйымының стратегиялық бағытын қайта айқындауы

ОПЕК+ әлемдік мұнай нарығында ұсынысты икемді басқару және айтарлықтай бос қуат қорының болуы есебінен «тұрақтандырушы якорь» ретіндегі рөлін сақтап отыр. 2025 жылы альянс қатаң өндіріс шектеу саясатына негізделген тәсілден нарықтағы өз үлесін біртіндеп қалпына келтіру стратегиясына түбегейлі ауысты: сәуір айында екі жылдан астам қолданылған тәулігіне 2,2 млн баррель көлеміндегі ерікті шектеулерді кезең‑кезеңімен алып тастау басталды.

2025 жылдың төртінші тоқсанында қабылданған жедел шешімдер ОПЕК+ альянсының өсіп келе жатқан профицит пен макроэкономикалық тәуекелдерге жоғары бейімделіп жатқанын көрсетті. Альянс желтоқсан айында 2026 жылдың бірінші тоқсанында өндірісті қалпына келтіруді уақытша тоқтата тұру туралы шешімді ресми түрде растады. Бұл қадам маусымдық сұраныс төмендейтін кезеңде нарықтың артық ұсыныспен шамадан тыс толып кетуінің алдын алуға бағытталды. Сонымен қатар 2022 жылғы қазанда қабылданған тәулігіне 2 млн баррель көлеміндегі ұжымдық қысқартулардың кемінде 2026 жылдың соңына дейін күшінде қалатыны жарияланды.

ОПЕК+ аясында мұнай өндірудің белгіленген деңгейі, тәулігіне мың баррель
Елдер Қаңтар 2026 Ақпан 2026 Наурыз 2026
Алжир 971 971 971
Ирак 4 273 4 273 4 273
Кувейт 2 580 2 580 2 580
Сауд Аравиясы 10 103 10 103 10 103
БАӘ 3 411 3 411 3 411
Қазақстан 1 569 1 569 1 569
Оман 811 811 811
Ресей 9 574 9 574 9 574
Дереккөз: ОПЕК, баспасөз релизі, 2025 жылғы қараша.
ҚМГ‑ға ықпалы

ОПЕК хатшылығының 2026 жылғы 2 ақпандағы баспасөз хабарламасына сәйкес, ОПЕК+ қатысушыларының 2026 жылы 4 қаңтарда өткен виртуалды отырысында мақсатты өндіру деңгейлерінен жинақталған ауытқуларға өтем төлеудің жаңартылған кестесі келісімделді. 2026 жылдың қаңтар‑наурыз айлары кезеңінде Қазақстан үшін мақсатты өндіру көлемі тәулігіне 1,569 млн баррель деңгейінде белгіленді.

ОПЕК+ қабылдайтын шешімдер әлемдік мұнай бағасының динамикасына тікелей әсер етіп, мұнай экспорттаушы елдер үшін операциялық жағдайларды айқындайды. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мемлекеттік дәрежеде халықаралық келісімдерді ескере отырып, жер қойнауын пайдаланушылар үшін мақсатты өндіру деңгейлерін белгілейді. ҚМГ уәкілетті орган бекіткен талаптарды қатаң сақтайды.

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің 2025 жылғы 3 наурыздағы ресми мәлімдемесіне сәйкес, Қазақстан белгіленген өндіру деңгейінен асқан көлемдерді өтеуге дайын екенін растады және ОПЕК+ келісімі аясындағы міндеттемелеріне адал екенін білдірді.

1,569 млнбаррель деңгейінде
2026 жылдың қаңтар‑наурыз айлары кезеңінде Қазақстан үшін мақсатты өндіру көлемі тәулігіне белгіленді.
ОПЕК+ елдері бойынша мұнайды артық өндіру көлемін өтеу мөлшері, тәулігіне мың баррель
Елдер Қаңтар 2026 Ақпан 2026 Наурыз 2026 Сәуір 2026 Мамыр 2026 Маусым 2026
Ирак 140 135 90 90 80 79
БАЭ 10 20 20 40 50 53
Қазақстан 503 629 549 569 569 669
Оман 6 5 6 7 8 6
Барлығы 659 789 665 706 707 807
Дереккөз: ОПЕК, баспасөз релизі, 2026 жылғы ақпан

2025 жылы жаһандық мұнай‑газ индустриясы операциялық ортаға тікелей ықпал еткен жоғары геосаяси тұрақсыздық жағдайында жұмыс істеді. Rystad Energy (Oil, geopolitics and 2025, 2025 желтоқсан) талдау шолуына қарағанда, геосаяси тәуекел индексінің жылдық орташа мәні 1,33 деңгейінде қалыптасты. Бұл 2019 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіштердің бірі және тек рекордтық 2022 жылғы деңгейден (1,43) ғана төмен. Шиеленістің күшеюі нарықта геосаяси премияның қалыптасуына әсер етті, оның нәтижесінде ұсыныс профициті мен әлсіз әлемдік сұранысқа қарамастан, мұнай бағасының күрт төмендеуіне жол берілмеді.

Жалпы геосаяси ахуал оқиғалардың жиілеуімен, дипломатиялық шиеленіс кезеңдері мен тікелей қақтығыстардың алма‑кезек орын алуымен сипатталды. Мұндай жағдайда энергетикалық қауіпсіздік пен өнімді жеткізу сенімділігі мемлекеттердің ұлттық және экономикалық саясатының негізгі басымдықтарының біріне айналды.

2025 жылғы жаһандық геосаяси негізгі оқиғалары
  • Қаңтар — наурыз: Шығыс Еуропадағы қақтығыстың күшеюі, соның ішінде энергетикалық нысандарға ұшқышсыз ұшу аппараттарымен (ҰҰА) жасалған шабуылдар.
  • Сәуір: АҚШ әкімшілігінің кең ауқымды сауда серіктестеріне қатысты «Liberation Day» тарифтер пакетін жариялауы.
  • Маусым: Таяу Шығыстағы жағдайдың күрт ушығуы («12 күндік соғыс») Израиль, Иран және АҚШ-тың қатысуымен, стратегиялық нысандарға соққылар және аймақтық инфрақұрылымға төнген қауіптердің артуы.
  • Шілде: Еуропалық одақтың 18‑санкциялар пакетін енгізуі, нәтижесінде ресейлік мұнайдың шекті бағасы барреліне 47,60 АҚШ долларына дейін төмендеді.
  • Қазан: АҚШ, Ұлыбритания және G7 елдерінің ірі мұнай компаниялары — «Роснефть» ЖАҚ және «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ — қарсы санкциялар енгізуі.
  • Желтоқсан: АҚШ пен Венесуэла арасындағы шиеленістің күшеюі, америкалық тараптың санкциялық мұнай тиелген танкерді ұстауы.

Дағдарыстардың жиілегеніне қарамастан, 2025 жылы мұнай нарығы салыстырмалы тұрақтылық танытты. Rystad Energy (Oil, geopolitics and 2025, 2025 жылғы желтоқсан), деректері сәйкес, геосаяси тәуекел мен баға құбылмалылығы арасындағы тарихи өзара байланыс әлсіреген. ЖИ сарапшылар мұны ақпараттық ортаның сапалық өзгеруімен түсіндіреді: жасанды интеллект негізіндегі аналитиканың кеңінен қолданылуы және кемелерді спутниктік бақылау жүйелерінің дамуы нарықтың болжамды қауіптерге емес, нақты жеткізу үзілістеріне ғана жедел әрекет етуіне мүмкіндік берді. Ұсыныстың тұрақтылығын қамтамасыз еткен қосымша факторлардың бірі – параллельді логистика тетігі болды. Жыл соңына қарай көлеңкелі флот шамамен 1,2 мың танкерге дейін ұлғайып, санкциялық шектеулерді айналып өту арқылы мұнай ағынының үздіксіздігін сақтауға ықпал етті. Нәтижесінде нарықта физикалық тапшылықтың туындауына жол берілген жоқ.

Ұлғайып келе жатқан геосаяси фрагментация әлемдік энергетикалық инфрақұрылымның негізгі көлік дәліздерінің осалдығын күшейте түсті. IEA (World Energy Outlook 2025, 2025 жылғы қараша) есебіне сәйкес, жаһандық энергиямен жабдықтаудың сенімділігі стратегиялық маңызы бар теңіз бұғаздары мен порттардың – соның ішінде Ормуз және Малакка бұғаздарының тұрақты әрі қауіпсіз жұмыс істеуіне барған сайын тәуелді болып отыр. Мұндай жағдайда көлік бағыттарын қорғау және оларды әртараптандыру энергетикалық компаниялардың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналды.

ҚМГ‑ға ықпалы

2025 жылы ҚМГ үшін сыртқы операциялық орта халықаралық санкциялық режимдердің кеңеюі мен экспорттық инфрақұрылымға төнген физикалық қауіп‑қатерлерге байланысты жоғары деңгейдегі белгісіздікпен сипатталды. Санкцияларға қатысты айтсақ, жыл бойы АҚШ, Ұлыбритания, Еуропалық одақ және БҰҰ тарапынан енгізілген экономикалық санкциялар мен сауда шектеулері қолданыста болды.

ҚМГ өз қызметінде халықаралық реттеуші талаптарды қатаң ескереді және сақтайды. Компанияда санкциялық талаптарға сәйкестікті қамтамасыз ететін ішкі рәсімдер мен нормативтік құжаттар жүйесі қалыптасқан. Есепті кезеңдегі жағдай бойынша, ҚМГ тобына кіретін компаниялар да, олардың лауазымды тұлғалары мен қызметкерлері де санкциялық тізімдерге енгізілмеген және қандай да бір санкциялық тергеулердің нысаны болып табылмайды.

2025 жылғы шілдеде АҚШ Қазақстанда өндірілген жекелеген тауарларға 25 % көлемінде импорттық тариф енгізу туралы шешім жариялады. Алайда Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сәйкес, АҚШ‑қа экспортталатын қазақстандық өнімдердің шамамен 95 %, оның ішінде мұнай мен басқа да стратегиялық шикізат тауарлары, бұл шектеулерге ілінбеді. Осыған байланысты аталған шешімдер ҚМГ‑ның экспорттық қызметіне тікелей әсер еткен жоқ.

95  %
АҚШ‑қа экспортталатын қазақстандық өнімдердің шамамен оның ішінде мұнай мен басқа да стратегиялық шикізат тауарлары, бұл шектеулерге ілінбеді. Осыған байланысты аталған шешімдер ҚМГ‑ның экспорттық қызметіне тікелей әсер еткен жоқ.

2025 жылы ҚМГ жекелеген юрисдикцияларда санкциялық режим қолданыста болған немесе қалыптасу кезеңінде тұрған серіктестермен бірлескен жобаларды жүзеге асырды. Бұл ретте санкциялық режимдер елдің энергетикалық қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызы бар активтерге қатысты арнайы лицензиялар мен ерекшеліктерді қарастырды. Атап айтқанда, Теңіз кен орны, Қарашығанақ кен орны және Каспий Құбыр Консорциумы (КҚК) жобаларына тиісті рұқсаттық тетіктер қолданылды.

Барлық бірлескен жобалар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылды. Келісімшарттарда санкциялық тәуекелдер туындаған жағдайда Компанияға шарт талаптарын біржақты өзгертуге, шартты бұзуға немесе жобадан шығуға мүмкіндік беретін арнайы ережелер көзделген.

2025 жылы КҚК жүйесінде оның өткізу қабілетін уақытша төмендеткен жекелеген оқиғалар тіркелді. Есепті жылдың ақпан айында «Кропоткинская» мұнай айдау станциясына жасалған шабуылдың салдарынан станцияның жабдығы зақымдалды, ал қараша айында КҚК теңіз терминалына шабуылдың нәтижесінде екінші жылжымалы айлақ қондырғысы зақымдалып, теңіз терминалының қуаты шектелді. Экспорттық міндеттемелердің орындалуына ықтимал әсерді барынша азайту мақсатында ҚМГ мемлекеттік органдармен және көлік жүйесінің қатысушыларымен бірлесіп, экспорттық ағынының бір бөлігін қосымша бағыттар арқылы жіберу үшін жедел қайта бөлді.

2025 жылы жаһандық энергетика секторы «электрлендіру дәуіріне» қадам басып, инвестицияның ауқымды ағыны цифрлық инфрақұрылымға қарай бағдарланды. IEA (World Energy Outlook 2025, 2025 жылғы қараша) есебіне сәйкес, жасанды интеллектіні (ЖИ) дамытуға қажетті деректер орталықтарына салынған әлемдік инвестициялар 580 млрд АҚШ долларына жетіп, алғаш рет жаһандық мұнай ұсынысына бағытталған инвестициялар көлемінен (535 млрд АҚШ доллары) асып түсті. Бұл энергетика саласындағы іргелі бетбұрыс. Оның негізгі себебі — ЖИ жүйелері мен озық өндірістерге қажет электр энергиясына сұраныс жалпы энергия тұтынуына қарағанда екі есе жылдам өсіп отыр.

Мұнай‑газ саласы үшін цифрландыру мен ЖИ енді жай ғана тәжірибелік құрал емес, стратегиялық маңызы бар активке айналды. Заманауи техникалық шешімдер, атап айтқанда жоғары айырымдылықтағы спутниктік суреттерді ЖИ арқылы талдау, мұнай өңдеу зауыттарындағы (МӨЗ) өндірістік үзілістерді жедел мониторингілеу; кемелер қозғалысын нақты уақыт режимінде қадағалау жүйелері баға белгілеудегі спекулятивтік фактордың ықпалын айтарлықтай төмендете отырып, мұнайдың физикалық ағындарын бұрынғыдан әлдеқайда ашық етті.

580  млрд АҚШ доллары
ЖИ дамыту үшін қажет болатын дата орталықтарға салынған әлемдік қаражат
ҚМГ‑ның бейімделуі

Операциялық тиімділікті жоғарылату бойынша жаһандық сын‑қатерге жауап ретінде ҚМГ цифрлық трансформацияны энергия тиімділігін арттыруға бағытталған шаралармен сабақтастыра отырып, жүйелі тәсілді іске асырып келеді.

Энергия үнемдеу саласындағы қызметі ISO 50001 стандартына және 2060 жылға дейінгі төмен көміртекті даму бағдарламасына негізделген. 2025 жылы жабдықтарды жаңғырту бойынша 87 іс‑шара орындалды, бұл 1 935,3 мың ГДж отын‑энергетикалық ресурстарын үнемдеп, СО2 шығарындыларын 128,3 мың тоннаға азайтуға мүмкіндік берді. Бұл бағыттағы негізгі жоба – Жаңаөзен қаласындағы қуаты 50 МВт күн электр станциясы. Ол өндірістік нысандардың энергия көзінің дербестігін және тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған гибридті энергия кешенінің (247 МВт) бірінші кезеңі.

Сонымен қатар компания топтың бірыңғай цифрлық контурын құруға бағытталған цифрлық трансформацияны жалғастыруда. Компания ЖИ шешімдерін белсенді түрде таратып жатыр: кен орындарын игеруді интеллектуалды басқаруға арналған ABAI платформасы, өндірістік қауіпсіздікті сақтауға арналған TUMAR компьютерлік көру жүйесі және жабдыққа болжамды қызмет көрсететін машинаны оқыту модельдері. Құрылған технологиялық негіз цифрландыруды энергияның жаңа көздеріне көшу жағдайында бәсекеге қабілеттілікті сақтаудың басты тетігіне айналдыра отырып, ҚМГ‑ның деректерді басқарудың жаңа сапалы деңгейіне шығуға дайындығын қамтамасыз етеді.

Ішкі драйверлер және олардың ҚМГ Даму стратегиясын іске асыруға ықпалы
  1. 2025 жылғы Қазақстанның экономикасы
  2. 2025 жылы Қазақстанның мұнай‑газ саласының дамуы
  3. Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары
  4. Мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасы
  5. 2025 жылы Қазақстанда мұнай‑газ химиясы саласын дамыту
  6. Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі
  7. Қазақстан Республикасының су кодексі
  8. Қазақстан Республикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізуінің 2060 жылға дейінгі стратегиясы

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының жедел деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қорытынды бойынша Қазақстанның ішкі жалпы өнімі өткен жылмен салыстырғанда 6,5 % ұлғайды. Экономикалық динамиканың өсімін өнеркәсіп (+7,4 %), көлік (+20,4 %), құрылыс (+15,9 %) және сауда (+8,9 %) қамтамасыз етті. Өңдеу секторындағы өсім 6,4 % құрады. Бұл көрсеткішке мұнай өнімдерін өңдеу өндірісінің 5,9 % артуы ықпал етті.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы инфляция 12,3 % құрады. Тұрақты ішкі сұраныс пен инфляциялық тәуекелдерге жауап ретінде ҚР Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 2025 жылғы қазанда 18,0 % дейін көтерді және оны 2026 жылғы қаңтарда осы деңгейде сақтап қалды.

Boston Consulting Group (Why Investors Are Turning to Central Asia and Caspian, 2025 жылғы қыркүйек) талдауына сәйкес, Қазақстан Орталық Азия мен Каспий өңірінің жетекші экономикалық орталығы болып, аталған өңірдің ЖІӨ шамамен 60 % қамтамасыз етеді және негізінен батыс елдерінен келетін тікелей шетелдік инвестициялардың шамамен 75 % өзіне тартады. Қазақстанның Қытай мен Еуропалық Одақ арасындағы қолайлы географиялық орналасуы оны маңызды сауда көпіріне айналдырып, жаһандық жеткізу тізбектері үшін стратегиялық ресурстардың балама жеткізушісі ретінде рөлін күшейтеді. Қазіргі кезең күрделі әрі ауқымды мәмілелердің артуымен сипатталады. Осы жағдайда Қазақстан өзінің табиғи ресурстық әлеуетін тиімді пайдалана отырып, терең өңдеу өндірістерін дамытуға және шикізаттық емес салаларға инвестициялар тартуға мүмкіндік алып отыр.

ҚМГ дамуының басымдықтары

Қазақстанның макроэкономикалық динамикасы мұнай‑газ саласының өнімдеріне тұрақты сұранысты қалыптастырады және Компания дамуының негізгі бағыттарын айқындайды. Өнеркәсіптің және көлік санының артуы дизель отыны мен авиациялық керосинді қоса алғанда, мұнай өнімдерін тұтыну көлемінің ұлғаюына ықпал етеді, ал урбанизация және экологиялық талаптардың қатаюы сапалы отын түрлеріне сұранысты ынталандырады.

ҚМГ құн құрудың барлық кезеңдерін қамтитын тік интеграцияланған компания ретінде еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ресурстық базасын кеңейтуге бағытталған ұлттық басымдықтарды іске асыруда маңызды рөл атқарады. Компания мұнай‑газ саласын дамытуға қатысты мемлекеттің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыруға басымдық береді және Қазақстан Республикасының стратегиялық құжаттарын басшылыққа алады. Сонымен қатар ҚМГ ел экономикасының тұрақты өсуіне және әлеуметтік бастамалардың іске асуына қолдау көрсетуге бағытталған даму шараларын жүйелі түрде жүзеге асырады.

Мұнай‑газ индустриясы аралас секторларды қоса алғанда, ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі болып қала береді. Бұл сала Қазақстан Республикасының ішкі жалпы өнімі шамамен 16 % қалыптастырып, елдің жиынтық экспортының шамамен 53 % қамтамасыз етеді.

16 %
Ішкі жалпы өнім
53 %
Экспорт

Rystad Energy деректеріне сәйкес, Қазақстан мұнай мен газ өндіру көлемі бойынша әлемде 14‑орында тұр және жаһандық энергетикалық нарықтағы жетекші ойыншылардың бірі мәртебесін сақтап келеді. Мұнай‑газ индустриясы ұлттық экономиканың іргетасы болып қала береді, оның көлемі 2025 жылдың аяғында 35 млрд барр. мұнай эквивалентіне бағаланған қалған едәуір ресурстарға сүйенеді.

Өндіру

2025 жылы Қазақстанның мұнай‑газ саласында өндіріс көлемі ұлғайды, бұл көрсеткіш 2024 жылы төмен болған еді. «Қазақстан Республикасы отын‑энергетика кешенінің ахуалдық‑талдамалық орталығы» АҚ деректеріне сәйкес, есепті жылы мұнай өндіру көлемі 99,6 млн тонна шикі мұнайды құрап, 2024 жылғы көрсеткіштен (87,7 млн тонна) 13,5 % артты. Өсімнің негізгі факторы – 2025 жылдың бірінші тоқсанында Теңіз кен орнындағы Болашақ кеңейту жобасының іске қосылуы болды.

Сонымен қатар «Қазақстан Республикасы отын‑энергетика кешенінің ахуалдық‑талдамалық орталығы» АҚ деректеріне сәйкес 2025 жылы мұнай мен газ конденсатының экспорты 78,8 млн тоннаға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда (68,6 млн тонна) 14,8 % өсті. Бұл өндіріс көлемінің ұлғайғанын және экспорт ағынының тұрақты сақталғанын көрсетеді.

99,6 млн тонна
2025 жылы өндірілген мұнай көлемі
ҚМГ позициясы

ҚМГ Қазақстанда мұнай мен газ конденсатын өндіруде жетекші орын алады. 2025 жылы компанияның ел бойынша мұнай мен газ конденсатын жиынтық өндірудегі үлесі 26 %, ал табиғи және ілеспе газ өндіру сегментіндегі үлесі 17 % құрады. ҚМГ еліміздегі ірі өндіру жобаларын іске асыруға қатысып, ұлттық мұнай‑газ кешенінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді.

2025 жылы Қазақстанда мұнай мен газ конденсатын өндіру
Дереккөз: «Қазақстан Республикасы отын‑энергетика кешенінің ахуалдық‑талдамалық орталығы» АҚ.
Мұнай тасымалдау

Қазақстанда әлемдік нарықтарға көмірсутектерді тұрақты жеткізуді қамтамасыз ететін мұнайды тасымалдауға арналған заманауи инфрақұрылым құрастырылды. Мұнайды жеткізудің негізгі бағыттары ҚТО мұнай құбырлары жүйесі және КҚК арқылы жүзеге асырылады, Каспий теңізімен тасымалдауды Қазақтеңізкөлікфлоты орындайды.

2025 жылы экспортқа мұнай тасымалдау жүйесі арқылы 78,8 млн тонна мұнай, соның ішінде Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы Қазақстан мұнайының 64,8 млн тоннасы жөнелтілді, бұл экспорттың жалпы көлемінің 82 % құрайды.

ҚМГ позициясы

ҚМГ транзиттік және экспорттық әлеуеті бар мұнайды тасымалдауға арналған әртараптандырылған инфрақұрылымды басқарады. 2025 жылы компанияның магистральды және теңіз көлігін қоса алғанда, мұнай тасымалдау сегментіндегі үлесі 55 % құрады.

Мұнай өңдеу

«Қазақстан Республикасы отын‑энергетика кешенінің ахуалдық‑талдамалық орталығы» АҚ‑ның деректеріне сәйкес, ҚМГ тобына кірмейтін МӨЗ‑дерді қоса алғанда, қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарында мұнай өңдеу көлемі 2025 жылы 18,4 млн тоннаны құрап, 2024 жылғы деңгейден 4,9 % асты. Өңдеу көлемінің өсуі Атырау МӨЗ‑ін қоспағанда барлық мұнай өңдеу зауыттарында тіркелді.

  • Барлық маркалы бензин өндірісі 6,0 млн тоннаға дейін өсті, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 9,4 % артық.
  • Дизель отынының өндірісі 6,2 млн тоннаны құрап, 14,4 % ұлғайды.
  • Авиациялық отын өндірісі 723 мың тоннаға жетіп, 3,1 % өсті.
ҚМГ позициясы

ҚМГ Қазақстандағы өңдеу нарығының жиынтық үлесін шамамен 80 % құрайтын төрт ірі мұнай өңдеу зауытын басқаруға қатысады. Есепті кезеңде Компания қуаттарды кеңейту және өнім сапасын арттыру жөніндегі жобаларды іске асыруда елеулі нәтижеге қол жеткізді, активтерді жаңғыртуды жалғастырды және қажетті қор көлемін қалыптастыру есебінен ішкі нарыққа отынды тұрақты жеткізіп тұрды.

2025 жылы Қазақстанда сегменттер бойынша ҚМГ‑ның нарықтағы үлес, %

Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 25 шілдедегі №611 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2025-2029 жылдардағы орта мерзімді кезеңге арналған стратегиялық бағдарларын айқындайтын мемлекеттік жоспарлау жүйесінің негізгі құжаты болып есептеледі. Құжатта Қазақстан Республикасының экономикасындағы мұнай-газ секторының маңызды рөлі атап өтіледі, сондай-ақ минералдық-шикізат базасының жай-күйін, геологиялық-барлаудың қарқынды деңгейін, энергия ресурстарын ішкі тұтынудың өсуін және экспорттық және ішкі инфрақұрылымды шектеуді қоса алғанда, оның дамуына әсер ететін негізгі факторлар көрсетіледі.

Ұлттық жоспарда мұнай‑газ секторының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін келесі негізгі басымдықтар айқындалған:

  • ірі кен орындарындағы кеңейту жобаларын іске асыру тәуекелдерін төмендету және газ өңдеу қуатын арттыру;
  • көмірсутек қорларын геологиялық барлау мен игерудің инвестициялық тартымдылығын күшейту;
  • ішкі жеткізумен сенімді қамтамасыз ету үшін экспорттық бағыттарды әртараптандыру және инфрақұрылымды дамыту;
  • энергия тасымалдаушыларға сұранысты тиімді реттеу, оның ішінде баға белгілеу тетіктерін жетілдіру.
ҚМГ дамуының басымдықтары

2025 жылы ҚМГ қызметін Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының басымдықтарына сәйкес жүзеге асырды. Есепті кезеңде ҚМГ:

  • Теңіз кен орнында болашақ кеңейту жобасы шеңберінде объектілерді пайдалануға беруді қоса алғанда, ірі кен орындарында өндіруді кеңейту және қолдау жобаларын іске асыруды қамтамасыз етті;
  • Жаңаөзен қаласында жаңа газ өңдеу зауытын салуды қоса алғанда, газ өңдеу көлемін ұлғайту жөніндегі жобаларды ілгерлетті;
  • инвестицияларды ынталандыру тетіктерін енгізуді және іздестіру‑барлау жұмыстарын жүргізуді қоса алғанда, геологиялық‑барлау қызметін және ресурстық базаны кеңейту жөніндегі іс‑шараларды жандандырды;
  • мұнай тасымалдаудың қосымша бағыттарын дамытуды және танкер флотын жаңартуды қоса алғанда, экспорттық маршруттарды әртараптандыру және логистикалық инфрақұрылымның тұрақтылығын арттыру жөніндегі шараларды жүзеге асырды;
  • ішкі жабдықтау инфрақұрылымын дамытуды, қазақстандық МӨЗ‑де мұнай өңдеу көлемін және жеңіл мұнай өнімдерін шығаруды ұлғайтуды қоса алғанда, энергоресурстардың ішкі нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етті;
  • көмірсутек шикізатын терең өңдеуге, операциялық тиімділікті арттыруға және төмен көміртекті энергетиканы дамытуға бағытталған мұнай өңдеу, мұнай‑газ химиясы, цифрландыру және декарбонизация саласындағы стратегиялық бастамаларды іске асырды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 21 шілдедегі № 549 қаулысымен мұнай өңдеу саласын дамытудың 2025‑2040 жылдарға арналған Тұжырымдамасы бекітілді. Құжат «Қазақстан‑2050» стратегиясын және 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын іске асыру аясында әзірленді және елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай‑ақ ішкі нарықты отандық мұнай өнімдерімен 100 % қамтамасыз етуге бағытталған.

Тұжырымдама келесі негізгі бағыттарды іске асыруды көздейді:

  • мұнай өңдеу тереңдігін 94 % дейін арттыру және мұнай өңдеу зауыттарының технологиялық күрделілік деңгейін (Нельсон индексі) көтеру үшін жоғары технологиялық өңдеу процестерін енгізу;
  • қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарының қуаттарын кеңейту және жаңғырту, оның ішінде:
    • ПҚОП қуатын жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін арттыру;
    • ПМХЗ қуатын жылына 5,5 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін ұлғайту;
    • Caspi Bitum зауытын жаңғыртып, қуатын жылына 1 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін жеткізу;
  • қуаты жылына 10 млн тонна болатын жаңа мұнай өңдеу зауытын жобалауды 2030 жылдан кешіктірмей бастау;
  • мұнай өңдеу және мұнай‑химия салаларындағы қолданбалы ғылыми зерттеулерді дамыту, технологиялық құзыреттерді нығайту және білікті кадрлар даярлау мақсатында мамандандырылған ғылыми‑зерттеу институтын құру.
ҚМГ дамуының басымдықтары

Есепті кезеңде Caspi Bitum зауытын кеңейту жобасы аяқталып, мұнай өңдеу қуаты жылына 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар Павлодар мұнай‑химия зауытында (ПМХЗ) Merox технологиясы негізінде сұйытылған газды тазартудың жаңа кешені іске қосылды. Бұл өндірілетін өнімнің сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. ҚМГ компаниялар тобында өңдеу қуаттарын кеңейту және жаңғыртуға бағытталған жобалар инвестициялық циклдің түрлі кезеңдерінде, атап айтқанда жобалау алдындағы дайындықтан және жобалаудан бастап, тікелей іске асыру мен пайдалануға беру кезеңіне дейін жүзеге асырылуда.

Мұнай‑газ химиясы саласын дамыту – мемлекеттік өнеркәсіптік саясат аясында Қазақстан Республикасының экономикасын әртараптандырудың маңызды бағыттарының бірі. 2025‑2040 жылдарға арналған мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасына сәйкес, мұнай‑газ химиясы шикізатты терең өңдеудің негізгі тетігі ретінде айқындалған. Бұл бағыт ең алдымен, интеграцияланған мұнай өңдеу және мұнай‑химия кешендерін құру арқылы жүзеге асырылады. Саланы дамыту бойынша нақты шаралар ҚР Энергетика министрлігі бекіткен 2024–2030 жылдарға арналған мұнай‑газ химиясы өнеркәсібін дамыту жөніндегі жол картасы аясында іске асырылуда. ҚР Үкіметінің мәліметінше, Жол картасы жалпы инвестиция көлемі шамамен 15 млрд АҚШ долларын құрайтын алты ірі мұнай‑газ химиясы жобасын жүзеге асыруды көздейді. Сонымен қатар «Ұлттық индустриялық мұнай‑химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында инфрақұрылымды дамыту және жаңа өндірістерді кезең‑кезеңімен іске қосу жоспарланған. Осы жобалар толық жүзеге асырылып, қажетті шикізатпен қамтамасыз етілген жағдайда, мұнай‑газ химиясы өнімдерін өндіру көлемі 2023 жылғы 357,8 мың тоннадан 2030 жылға қарай шамамен 1,8 млн тоннаға дейін ұлғаяды деп жоспарланған.

ҚМГ дамуының басымдықтары

ҚМГ Қазақстанның мұнай‑газ химиясы саласын дамыту бағыттарындағы жұмыстарын мемлекеттік өнеркәсіптік саясат аясында көмірсутек шикізатын терең өңдеуді кеңейту және қосылған құны жоғары өнім өндіру бағдарлай отырып жалғастыруда.

  • KPI интеграцияланған газ‑химия кешенінде полипропилен өндірісін қамтамасыз етіп, ішкі нарық сұранысын өтеуге бағытталған өнім маркаларының ассортиментін кеңейтті;
  • жылдық қуаты 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыттың («Силлено») негізгі құрылыс жұмыстарын бастады;
  • газ сепарациялау кешенін салу жобасын іске асыруды бастады.

ҚМГ мұнай‑газ химиясы саласын ұлттық экономиканың ұзақ мерзімді өсуі мен әртараптандырылуын қамтамасыз ететін маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырады. Бұл сала ұқсас өндірістердің дамуына серпін беріп, энергетикалық‑химия өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

2021 жылдан бастап Қазақстанда «ластаушы төлейді және қалпына келтіреді» қағидатына негізделген жаңа Экологиялық кодекс қолданысқа енгізілді. Бұл құжат қоршаған ортаны қорғау талаптарын күшейтіп, ең озық қолжетімді технологияларды енгізуді және экологиялық бақылауды жетілдіруді көздейді.

Сонымен қатар Кодекс ірі өнеркәсіптік кешенді экологиялық рұқсаттарға кезең‑кезеңімен көшуін, сондай‑ақ шығарындыларды бақылау мен экологиялық есептілікті автоматтандырылған мониторинг жүйелері арқылы жүргізуді қарастырады.

ҚМГ дамуының басымдықтары

2025 жылы ҚМГ өз қызметін Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі талаптарына сәйкес жүргізді. Есепті кезеңде компания мынадай негізгі экологиялық шараларды іске асырды:

  • ММГ, ҚОА, Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарын қоса алғанда, негізгі өндірістік және өңдеу нысандарында эмиссияларды автоматты мониторингтеу жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етті. Барлық дерек «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ инфрақұрылымы арқылы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне онлайн режимде жолданды;
  • технологиялық жабдықтарды жаңғырту және энергия тиімді шешімдерді енгізу арқылы, соның ішінде АМӨЗ және ПМХЗ‑да зиянды заттар шығарындыларын азайтуға бағытталған техникалық іс‑шаралар жүзеге асырды;
  • ҚМГ компаниялар тобының еншілес және тәуелді ұйымдарында ҚМГ экологиялық саясатын, қалдықтарды басқару және экологиялық бағалау жүргізу жөніндегі стандарттарды қолдануды қамтамасыз етті;
  • өндірістік қызмет аясында жыл сайын зақымданған топырақты қалпына келтіру және рекультивациялау бойынша іс‑шаралар жүргізді.

Аталған іс‑шаралар Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы мен ҚМГ‑ның корпоративтік құжаттары талаптары аясында жүзеге асырылды. Бұл талаптар экологиялық тәуекелдерді азайтуға және Компания қызметінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

2025 жылы Қазақстанда су ресурстарын тиімді басқару және елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа Су кодексі күшіне енді. Құжат су қорын басқарудың бассейндік қағидатын енгізіп, суды тиімді пайдалану, үнемдеу, сондай‑ақ сумен жабдықтаудың айналымды және қайта пайдалану жүйелерін дамыту талаптарын күшейтеді. Сонымен қатар кодекс су секторын климаттың өзгеруіне, оның ішінде құрғақшылық пен су тасқыны тәуекелдеріне бейімдеуге бағытталған шараларды қамтиды.

Су кодексі өнеркәсіптік су пайдаланушыларға су пайдалануды есепке алу және жоспарлау, су алу және төгу лимиттерін сақтау, су үнемдеу технологияларын енгізу және су объектілеріне теріс әсердің алдын алу бөлігінде қосымша талаптарды белгілейді. Аталған шаралар су жүктемесін төмендетуге және су ресурстары тапшылығы жағдайында экономиканың тұрақтылығын арттыруға бағытталған.

ҚМГ дамуының басымдықтары

ҚМГ су ресурстарын тиімді басқаруды операциялық тұрақтылық пен ұзақ мерзімді дамудың маңызды факторларының бірі ретінде қарастырады. Қазақстан су тапшылығы жоғары елдер қатарына жатады, ал ҚМГ‑ның көптеген өндірістік нысандары дәл осындай өңірлерде орналасқан. Бұл су тәуекелдерін жүйелі түрде басқарудың маңызын арттырады. 2025 жылы ҚМГ келесі негізгі шараларды жүзеге асырды:

  • тазартылған сарқынды суларды қайта пайдалану көлемін ұлғайтуды қоса алғанда, өндірістік және өңдеу нысандарында су алуды азайту және суды пайдалану тиімділігін арттыру жұмыстарын жалғастырды;
  • еншілес және тәуелді ұйымдарда су тұтынуға кешенді талдау жүргізіп, тиімділікті арттыру әлеуеті жоғары нысандарды анықтады. Бұл бірыңғай корпоративтік стандарттар мен мақсатты көрсеткіштерді әзірлеуге негіз болды;
  • өндірістік процестерді жаңа реттеуші талаптарға бейімдеу және ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында ҚМГ компаниялар тобында су ресурстарын басқару бағдарламасын әзірлеуді бастады;
  • су тапшылығы байқалатын өңірлерде баламалы су көздерін дамыту аясында тәулігіне 50 мың текше метрге дейін теңіз суын тұщытуға қауқарлы «Кендірлі» зауытын пайдалануға берді.

Қазақстан Республикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізуінің 2060 жылға дейінгі стратегиясы елдің әлеуметтік‑экономикалық дамуы мен энергетика секторын жаңғыртудың ұзақ мерзімді бағыттарын айқындайды. Құжат сценарийлік талдау мен кешенді модельдеуге негізделіп, төмен көміртекті даму моделіне көшудің макроэкономикалық, технологиялық және инвестициялық аспектілерін қамтиды.

Стратегия энергия тиімділігін арттыруға, өндірістің көміртегі сыйымдылығын төмендетуге және көмірсутек шикізатын терең өңдеу технологияларын дамытуға ерекше назар аударады. Бұл ретте мұнай‑газ саласын қоса алғанда, экономиканың негізгі секторларын кезең‑кезеңімен трансформациялау көзделген. Стратегияның негізгі ережелері салалық және корпоративтік даму жоспарларын әзірлеу кезінде ұзақ мерзімді бағдар ретінде қолданылады.

ҚМГ дамуының басымдықтары

ҚМГ өз қызметінің экономикаға, қоғамға және қоршаған ортаға әсерін ескере отырып, негізгі бизнес‑процестерге тұрақты даму қағидаттарын жүйелі түрде енгізуде. 2025 жылы компания келесі бағыттар бойынша жұмыстарды жүзеге асырды:

  • ҚМГ‑ның төмен көміртекті дамудың 2060 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыруды жалғастырды;
  • жаңартылатын энергия көздерін дамыту жобаларын қоса алғанда, көміртегі ізін азайтуға бағытталған жұмыстарды жалғастырды;
  • өндіруші активтерде метан шығарындыларын басқару бойынша іс‑шаралар жүргізді, соның ішінде құралдармен өлшеу, жабдықты тексеру және қолданыстағы өндірістік процедуралар аясында ағып кету көздерін анықтау мен жоюға бағытталған жұмыстар бар;
  • көмірқышқыл газын тұту, пайдалану және сақтау (CCUS), сутегі энергетикасын дамыту және тұрақты авиациялық отын (SAF) өндіру жобаларын пысықтауды жалғастырды;
  • халықаралық ұсынымдар мен есептілік стандарттарына (CDP) сәйкес климаттық ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етті.
Қазақстан Республикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізуінің 2060 жылға дейінгі стратегиясы
Бәсекелестікті талдау

ҚМГ Қазақстанның мұнай‑газ секторында жетекші орынға ие және қызмет ауқымы, интеграцияланған бизнес‑моделі мен ұлттық компания мәртебесінің арқасында тұрақты бәсекелестік артықшылықтарын сақтап келеді.

  1. Ресурстық база және активтерді басқару. ҚМГ елдегі ең ірі мұнай‑газ өндіруші компаниялардың бірі. 2025 жылы компанияның мұнай мен газ конденсатын өндірудегі үлесі шамамен 26 %, ал табиғи және ілеспе газ өндірудегі үлесі шамамен 17 % құрады. ҚМГ Қазақстандағы негізгі мұнай‑газ жобалары – Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарын дамытуға қатысып, ұлттық өндірістің негізгі бөлігін қамтамасыз етеді.
  2. Интеграцияланған құн тізбегі. ҚМГ‑ның бизнес‑үлгісі көмірсутектерді геологиялық барлау мен өндіруден бастап, оларды өңдеу, тасымалдау және сатуға дейінгі барлық негізгі кезеңдерді қамтиды. Мұндай интеграция компанияға өндірістік тиімділікті арттыруға, шығындарды оңтайландыруға және мұнай бағасының өзгеруінің қаржылық нәтижелерге әсерін төмендетуге мүмкіндік береді.
  3. Экспорттық және көлік инфрақұрылымы. ҚМГ мұнай тасымалдаудың негізгі бағыттарын дамытуға және басқаруға қатысады. Олардың қатарында Каспий құбыр консорциумы (КҚК), Атырау–Самара мұнай құбыры, Атасу– Алашаңқай бағыты және Ақтау порты арқылы теңіз тасымалы бар. Компания экспорттық бағыттарды әртараптандыруға және жеткізу тұрақтылығын қамтамасыз етуге басымдық береді.
  4. Мемлекеттік қолдау және стратегиялық мәртебе. Ұлттық компания ретінде ҚМГ стратегиялық маңызы бар жобаларды іске асыруға қатысады және жер қойнауын пайдалану құқықтарын тікелей келіссөздер арқылы алуға басымдыққа ие. Бұл компанияның ресурстық базасының тұрақтылығын және ұзақ мерзімді даму мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
  5. Қаржылық тұрақтылық және капитал нарықтарына қолжетімділік. ҚМГ жоғары өтімділік деңгейімен, шығындарды тиімді басқарумен және халықаралық және өңірлік капитал нарықтарына қолжетімділікпен ерекшеленеді. Компанияның акциялары Лондон (LSE), Астана (AIX), Қазақстан (KASE) және Гонконг (HKEX) биржаларында орналастырылған, бұл қаржылық тұрақтылықты қолдауға мүмкіндік береді.
  6. Ұзақ мерзімді ресурстық қамтамасыз ету. 2025 жылдың соңында ҚМГ‑ның дәлелденген мұнай мен газ конденсатының қорлары (1P) шамамен 13 жылға жетеді, бұл халықаралық мұнай компанияларының орташа көрсеткішінен (шамамен 11 жыл) жоғары.
2025Көрсеткіштер бағалау сипатты және көмірсутектердің таза дәлелденген қорының (1P) жылдық өндіру көлеміне қатынасы ретінде есептеледі. Салыстырмалы компаниялар үшін есептеулер 2024 жылғы жария қолжетімді деректер негізінде орындалды; ҚМГ үшін 2025 жылғы PRMS жүйесі бойынша қорларды жыл сайынғы бағалау негізінде көрсеткіштер пайдаланылды. жылы мұнай мен конденсаттың дәлелденген қорының (1P) еселігі, жыл
Компания Мұнай мен газ конденсатының дәлелденген қорының (1P) еселігі
ҚМГ 13 (2025)
BP 9
TotalEnergies 12
Exxon Mobil 13
Eni 10
Chevron 8
Petrobras 12
Shell 9
Equinor 8
2025 жылы Қазақстанда мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі
Дереккөз: «Қазақстан Республикасы отын‑энергетика кешенінің ахуалдық‑талдамалық орталығы» АҚ.